Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәрігер ешқандай отасыз және инъекциясыз сұлулықты сақтаудың 8 әдісімен бөлісті

Уақыт өте пайда болған әжімдерді кетіру үшін көп қыз-келіншектер отаның немесе ботекстің көмегіне жүгініп жатады. Алайда сарапшы ешқандай отасыз және ине салмай-ақ сұлулықта сақтап қалуға болатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Доктор питер” басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Ашық дереккөзден

Терінің балғындығы генге ғана байланысты емес. Сондай-ақ оған уақытылы күтім жасау да маңызды. Косметолог мамандар бет күтіміне жасөспірім шақтан бастап көңіл бөлу керек дейді. 

“Бет терісін күнделікті тазарту, ылғалдандыру және күннен қорғайтын крем қолдану маңызды. Бет терісінде қандай да бір бөртпелерді байқасаңыз, дер кезінде дерматолог маманның көмегіне жүгінген жөн. Кейде ем дұрыс жүргізілмесе теріде тыртық қалып қалуы да мүмкін”, – дейді косметолог Елена Линева.

Косметологияда бет терісінің кәрілігін тежейтін бірнеше әдістер бар. Мамандар оларды 3 топқа бөледі:

  • Табиғи;
  • Инъекциялық;
  • Аппараттық.

Табиғи әдіске крем, сығынды, маскалар сияқты бет терісінің күтіміне арналған заттар, пиллингтер мен массаж жатады. 

“Құрамы белгісіз препараттар мен біліксіз мамандардың бар екенін ескерсек, көпшілік инъекциялық әдіске келісе қоймайды. Мұндай ем-шаралар кейде сәтсіз аяқталып жатады. Мысалы, филлер жақсы нәтиже бергенімен, теріні емдемейді. Егер сіз инъекциялық әдіспен ем-шара жасар алдында теріңізді биоревитализация және коллагенмен емдесеңіз филлер жақсы нәтиже беріп қана қоймай, табиғи көрінетін болады”, – дейді косметолог. 

Бет теріңізді аппараттық әдіспен емтейтін кезде де ағзаны қажетті дәрумендермен және минералдармен толықтыру үшін диета ұстаған жөн. Болмаса, бұл әдістің нәтижесі ұзақ мерзімге созылмайды. 

Бет терісінің балғын күйін ұзаққа сақтау үшін 8 әдісті бұлжытпай орындасаңыз болғаны.

  • Теріге сапалы және тұрақты түрде күтім жасап отыру қажет. Күтімге қажетті құралдарды косметолог маман сіздің бет теріңізге қарай таңдап береді. 
  • Денеге және бет терісіне массаж жасауды ұмытпаңыз. Бет келбетіміздің жай-күйі мен ондағы бөртпелер белдегі, жамбас пен табандағы ауру-сырқаудан хабар беруі мүмкін. Сол себепті денеңізді де күтіп ұстаған жөн. 
  • Спорт – денсаулық кепілі. Физикалық жаттығулар бұлшықеттің шымыр болуына, мүсініңіздің сымбаттылығына ғана емес, терінің жас әрі балғын күйін сақтауға көмектеседі. Ағзаның қалыпқа келуіне баса мән беру керек. 
  • Ұйқының қанық болуы да үлкен рөл ойнайды. Дұрыс күн тәртібі терінің қалыпқа келуіне және әжімдердің жазылуына көмектеседі. 
  • Дұрыс тамақтанудың өз тәртібі бар. Ағзаға қажетті ақуыз, майлар мен көмірсудің мөлшері жеткілікті болуы тиіс. Қартаюды тежеймін деп білек сыбана кіріссеңіз, диетолог маманның бақылауында болғаныңыз жөн. Дәрігер кеңесімен қажетті анализдер тапсырып, ағзада қандай дәрумендердің тапшы екенін анықтай аласыз. 
  • Күннен қорғайтын кремді әр кез өзіңізбен алып жүріңіз. Бұлтты немесе жаңбырлы ауа райында да қолданғаныңыз абзал. 
  • 30 жастан кейін құрамында ретинол дәрумені бар сығындыларды жиі пайдаланыңыз. 
  • Күйзеліс теріге кері әсер етеді. Сол себепті денені жиі босаңсытып тұру қажет. Медитация жасап, қалаған жерде серуен құрып, саяхаттаған жөн. Өзіңізді қаншалықты жайлы әрі жеңіл сезінсеңіз, соншалықты айналаға нұр шашып, сымбаттылығыңызды жоғалтпайсыз. 
Талқылау