Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күтпеген жағдай болды": Кәсіпкер Данияр Абулғазин Грекиядағы орман өртіне қатысты өзіне тағылған айыптауларға жауап берді

Қазақстандық кәсіпкер Данияр Абулғазин Грекиядағы орман өртіне қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Forbes Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: olympic.kz

Кәсіпкер Грекиядағы Гидра аралында болған өртке байланысты өз өкінішін білдірді. 

"Персефони І” яхтасын 2024 жылдың 15 маусымы сағат 12:00-ден 2024 жылдың 22 маусымы 12:00-ге дейін өзіме және достарыма Грекия аралдары бойынша круиз ұйымдастыру үшін жалға алдым. 22 маусымда Қазақстанға кетер алдында Грекия билігінің өкілдері бізбен сөйлесіп, ешқандай талаптары жоқ екенін айтты. Осылайша біз алдын ала белгіленген саяхатымызды жалғастырдық. Айта кетейік, кей қонақтар 2024 жылдың 21 маусымында таңертең кетіп қалған еді”, – деді кәсіпкер.

Кәсіпкер елге оралған соң түрлі айыптауларға тап болғанын айтты.



“Баспасөзде жарияланған айыптаулар біз үшін күтпеген жағдай болды. Мен кез келген заң бұзушылықты үзілді-кесілді жоққа шығарамын. Мен де, қонақтарым да өртке әкеп соқтыратын әрекет жасаған жоқпыз. Яхтада белгіленген өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтадық. Мен яхта экипажынан немесе басқа үшінші тұлғалардан өртке әкеп соғатын қандай да бір әрекеттерді жасауды сұраған жоқпын. Біз үнемі қажетті қауіпсіздік шараларын ұстанамыз және мұндай оқиғаларды болдырмау үшін заңдар мен ережелерді қатаң сақтаймыз”, – деді кәсіпкер.  

Сонымен қатар ол тергеу әлі жалғасып жатқандықтан, бұдан әрі түсініктеме беру немесе болжам жасау орынсыз болатынын айтты. 

Айта кетейік, бұған дейін Грекияда яхта жалдаған қазақстандықтар отшашу арқылы аралды өртеп жіберді деген ақпарат тараған еді. Кейін еліміздің сыртқы істер министрлігі Грекияда орман өртеді деген күдіктілер арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеді. 

Сондай-ақ Грекияның ақпарат құралдары пәкістандықтарды қазақтармен шатастырып алғанын айтқан еді. Ал 30 маусымда орман өртіне қатысты сегіз қазақстандыққа айып тағылғаны белгілі болды.  

Талқылау