Даниал Ахметов Риддердегі жылу орталықты неліктен коммуналдық меншікке ала алмай отырғанын айтты
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов заңнаманың тиімсіздігінен билік Риддер жылу электр орталығын ұлттық деп атап, электр стансасын жөндей алмайтынын айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Үкіметте Президенттің төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес аяқталған соң ШҚО әкімі Даниал Ахметов Риддердегі жағдайға тоқталды.
“Наурыздан бастап олар мазут, көмір, жұмысшылар мен техникалық қызмет көрсету қызметкерлерінің жалақысын төлеуді тоқтатты. Біз тиісті шаралар қабылдадық. Атап айтқанда, біз бұл станцияны көмірмен, мазутпен және басқа жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Күн сайын станция басшылығы немесе орынбасарларына, бөлім бастығы, кей жағдайларда маған станцияның техникалық жағдайы бүгінгі күні тиісті деңгейде ұстауға мүмкіндік беретін бірқатар жедел шешім қабылдауға тура келеді. Біз әлі күнге дейін қолданылып жүрген "тиімсіз заңдардың тұтқынындамыз". Десе де біз не істеу керегін және оны қалай жасау керегін білеміз, бірақ бұл нысанды коммуналдық меншікке қайтара алмаймыз”, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Оның айтуынша, Президенттің, Үкіметтің, Парламенттің тапсырмасына сәйкес энергетика нысандарын мемлекет меншігіне алу туралы заң әзірлеу жоспарланып отыр.
“Бұл өте тез болады деп үміттенемін. Содан кейін, әрине, биыл қыркүйек-қазан айларында станцияның тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін барлық шараны қабылдаймыз”, - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Үкімет кулуарында.
Әкімнің айтуынша, жылу электр орталығын жөндеуге шамамен 8 миллиард теңге қажет.