Бюджеттен 1 триллион теңге бөлінді: Елімізде қысқа дейін төрт негізгі тас жолды қалпына келтіру аяқталады
Үкімет қыс мезгіліне дейін Қарағанды-Алматы, Ақтөбе-Қандыағаш, Атырау-Астрахань және Талдықорған-Өскемен учаскелерінде қалпына келтіру жұмыстары аяқталатынын мәлімдеді. Мемлекет жол жөндеуге 1 триллион теңгеден аса қаржы бөлген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24KZ бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото видеокадрдан скриншот жасалған
Көлік министрлігінің мәліметінше, бүгінде республикалық маңызы бар жолдардың 92%-ы, жергілікті маңызы бар жолдардың 87%-ы стандарттарға сай. Ал ең нашар жол Батыс Қазақстан облысында тіркелген. Себебі жергілікті жолдардың жартысы ғана қанағаттанарлық жағдайда тұр. Енді оларды қалпына келтіруге облыс көлемінде 116 миллиард теңге бөлінеді.
Айта кетейік, бюджет қаражатын жеңілдету үшін республика бойынша ұзындығы 2 мың шақырымды құрайтын 11 учаскені ақылы ету жоспарланған.
Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстандағы ақылы жолдардың жалпы ұзындығы 3 мың шақырым екенін атап өтті.
"Былтыр 30 миллиард теңге жиналды. Бұл қаражат жолдарды күтіп ұстауға, жөндеуге, техника сатып алуға жұмсалады. Қазақстандағы ақылы жолдардың тарифтері басқа елдерге қарағанда төмен. Бұған байланысты қазіргі тарифті 20% көтеру мәселесі шешіліп жатыр. Бұл жолдарды ұстау шығындарын толығымен өтеу үшін қажет", – деп түсіндірді көлік министрі.
Еске салайық, бұған дейін көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда ақылы жолдарға уақтылы төлем жасамағандарға айыппұл салуды автоматтандыру процесі қаралып жатқанын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, жолдардың сапасы оларды ұстау жағдайына байланысты болады. Елімізде республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жолды ұстауға 80 миллиард теңге қажет екен.