Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бұрынғы уақыт белдеуі қайтарылмайтын болды

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев “Бұрынғы уақыт белдеуін қайтару" петициясы бойынша шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ашық дереккөзден алынды

Министрлік петицияны кері қайтарды.

"Жұмыс тобы ұсынған барлық деректер мен дәлелдемелерді, ғылыми зерттеулер мен ұсынымдарды зерделей отырып, Қазақстан Республикасының бірқатар өңірлерін бір сағатқа кері ауыстыру табиғи күн циклдеріне сәйкес келетіні және ғылыми зерттеулер мен ұсынымдарға негізделгені расталды. "UTC + 5" уақыт белдеуі Қазақстан Республикасы аумағының көп бөлігінде табиғи циклге барынша жақын стандартты уақыт белдеуі болып табылады. Стандартты уақыт белдеуінің оң әсері туралы негізделген халықаралық ғылыми зерттеулерді және уақыттың ауысуы халықтың денсаулығына кері әсер еткенін растайтын деректердің болмауы негізінде Сауда және интеграция министрлігі петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады”, – деді Арман Шаққалиев. 

"UTC + 5" уақыт белдеуінің халық денсаулығына қалай әсер ететінін үш жыл бойы зерттеуді ұсынғанын еске салады министр.

"Ұлттық экономика және энергетика министрліктеріне жылу маусымы мен маусымдық өзгерістерді ескере отырып, өңірлерде электр энергиясын тұтынуға мониторинг және талдау жүргізу тапсырылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұйымдар мен кәсіпорындарға күндізгі уақытты ескере отырып, жұмыс кестесін түзету мүмкіндігін түсіндіру ұсынылды", – деді министр.

Еске салайық, 1 наурызда Қазақстанның барлық аймағы бір уақыт белдеуіне ауысты. Алайда бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейін қазақстандықтар жарыққа көп шығындалатын болды. Наурызда ел тұрғындары ақпан айымен салыстырғанда электр энергиясын 364 млн кВт/сағат артық пайдаланған. 

Бұған дейін бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция 50 мың қол жинағаны туралы жазған едік.

Талқылау