Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл сөзден аулақ болуымыз керек": Қорғаныс министрлігі әскердегі "әлімжеттік" туралы айтты

Қорғаныс министрлігі әскердегі әлімжеттік (дедовщина) туралы сөз қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Bangkokbook.ru

Қарулы күштер бас штабы бастығының орынбасары Сәкен Жүсіповтың сөзінше, қарулы күштер қызметкерлеріне көбіне “әскерде әлімжеттік бар ма?” деген сауал қойылады.

“Оларға көктемде және күзде келген сарбаздар бөлек тұратынын айтып, түсіндіреміз. Әскерге келген сарбаздарға арналған жатар орын бөлек болады. Сарбаздарды ешқашан бір жерге орналастырмаймыз. Сондықтан әлімжеттік деген сөзден аулақ болуымыз керек. Қазір жастардың сауаты бар, оларға барлық жағдай жасалған", – деді Жүсіпов.



Жүсіповтың сөзінше, әскерге шақырылғандарға ұялы телефон арқылы туыстарымен сөйлесуге, бейнеконференциялар ұйымдастыруға рұқсат берілген. 

"Олар үнемі бақылауда. Ол үшін арнайы әскери полиция сияқты құрылым бар. Басқа құқық қорғау органдары олардың тамағын,жағдайын, тұратын жерін үнемі тексеріп отырады”, – деді Жүсіпов. 

Қорғаныс министрлігінің қазір Қазақстандағы әскерде күш көрсету құбылысы жоқ деген мәлімдемесіне қарамастан, керісінше фактілер барған сайын көбейіп барады. Мысалы, жақын арада Жамбыл облысындағы Отар ауылында 19 жастағы сарбазды сержант соққыға жығып, комаға түскен еді. 

Анасы Жанна Жаналина ұлын соққыға жығылған деп санайды. Дәрігерлер сарбаздың жағдайы ауыр екенін айтты. Нұржігіт әуелде басы айналып, жүрегі айнығанына шағым білдірген.

Анасының айтуынша, cарбазды 8 маусымда Қордайдағы ауруханаға әскерилер алып келген. Сарбазға пневмония диагнозы қойылған. Ал Қорғаныс министрлігі әскери қызметкердің бастапқыда медицина орталығына жалпы әлсіздік және дене қызуының көтерілу шағымдарымен жүгінгенін хабарлады.

24 маусымда әскери қызметкер комадан шықты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі жан-жақты тексеруді тапсырды.

Талқылау