Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Бұжы дайындау рецепті
Құрметті оқырмандар Stan.kz ақпараттық агенттігі адам өміріне зиян келтірмейтін, қайта керісінше ағзасына өте пайдалы, құрамында дәрумендері көп, бірақ ұмытылып бара жатқан қазақтың ұлттың тағамдарының бірі – бұжы туралы мәлімет беріп, оның жасалу рецептісін ұсынады.
Қазақтың көпшілігі біле бермейтін ұлттық тағамдарының бірі – бұжы деп аталады. Бұл тағам жаңа сойылған малдың етінен дайындалады. Бұжы ертеден келе жатқан қазақтың ұлттық тағамы. Оны жаңа сойылған малдың ішек қарнынан жасайды.
Бұжы әзірлеуде бізге ең қажеттісі малдың қарыны. Бұл тағамды әзірлеу үшін қой немесе ешкі етін және іш майы мен бауырын ұсақтап турап, оған аздап ұн себеміз де, дәміне қарай пияз, бұрыш, тұз қосамыз. Сосын туралған қоспаларды әбден араластырып, бүйенге не қарынға саламыз. Содан кейін бүйеннің ашық тұрған ұшын жіңішке істіктермен түйреп, бекітеміз. Ұшын жақсылап байлағаннан кейін оны суық су құйылған кәстрөлге салып, отқа қоямыз да, 1,5 — 2 сағат баяу қалыпта қайнатамыз. Бірақ, қарын немесе бүйен жарылып кетпес үшін әр жерінен тескілеп, ауасын шығарып, аударып тұру керек.
Кей жерлерде бұл тағамды бұжбан деп те атайды. Ал тағамның өзін суытып, суық күйінде жейді. Ертеректе бұжыны қадірлі қонақ келгенде, ұзақ жолға шыққанда, батырлар жауға аттанғанда пісіретін болған. Бұжыны жолға алып шығу үшін оны дайындау кезінде тұзын көбірек салып, кептіргеннен кейін ғана пісіріп жеген.
Бұл асты “асып пісірді ” дегені болмаса, бұжы қарынның ішінде демі шықпай піскен соң, өз нәрі өзінде қалып, ерекше дәмді болады.
Кейде бұжыны жылқының етінен де жасап жатады. Сондай-ақ, оған ерекше дәм беру үшін сарымсақ, картоп, күріш қосады. Сосын жалпы бұжының майы көбірек болғаны жақсы. Сондай-ақ, іш майдың орнына құйрық май қосуға болады. Сонда тағам құрғақ болмай, былбырап піседі.
Қажетті ингредиенттер:
– 1 шәй кесе жылқы жентегі (фарш)
– малдың майы
– 2 жуа
– 2 түйір сарымсақ
– 2 картоп
– шамамен жарты кесе күріш
– тұз
– қара бұрыш
– 3 ас қасық ұн
– су
– ішек немесе қарын
Дайындалуы:
Бұжы дайындау үшін алдымен малдың іш майын, картопты, жуа мен сарымсақты еттартқыштың майда көзінен өткізіп алу керек немесе қолмен майдалап турау қажет. Сосын дайын болған жентекке (фарш) күріш, ұн қосып, аздап су құямыз да, татымына қарай тұз бен қара бұрыш себеміз. Сосын бәрін жақсылап араластырып, қарынға немесе ішекке салыңыз да, екі жағын байлаңыз. Екі жағын жақсылап бекіткен соң, суық су құйылған ыдысқа салып, 1,5-2 сағат баяу отта қайнатыңыз. Су қайнайын деп жатқанда, бұжы жарылып кетпес үшін, оны тесіп тұрыңыз. Ал тағам дайын болғанда судан алып, суытыңыз. Жалпы, бұжыны дастарханға суық күйінде қойған дұрыс.