"Ресей – мықты мемлекет және мықты болып қалады": Әнші Бүркіт Украинаға қолдау көрсетпегені үшін сынның астында қалды
Қазақстандық әнші Бүркіт “Ресей – мықты мемлекет және әлі де мықты болады” деп жазып, Украинаға жақтаспағаны үшін көпшіліктің сынына ұшырады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Белгі әнші кәсіпкер Қайрат Құдайбергеннің Украинаны қолдаған жазбасының астына “Қайрат бауырым, үгіттеуіңді доғарсаңшы. Ресей – мықты мемлекет және мықты болып қала береді де! Бұл жерде дұрыс істеп жатқандар жоқ. Әркімнің өз шындығы бар! Соғыс деген жаман! Бірақ мәселенің түп тамырына назар аударған жөн” деп жазба қалдырған болатын.
Алайда көпшілік оны бұл сөзі үшін сөгіп тастады.
Бұнымен қоса әншіге қатысты пікір білдірген журналист Серік Аббас-шах “Іштен шыққан жау жаман”, Мен мұны басқаша бағалай алмаймын” деп мәлімдеді.
“Бүркіт бауырымыздың қырағы көзі Украинадағы үлкен қалалардың бір апта ішінде жермен-жексен болғанын, бейбіт халықтың күн сайын оқ пен от астында малша қырылып, балабақша-мектептер мен емхана-ауруханалар бомба-снаряд нөпірінің астында қалғанын көрсе керек-ті. Үлкендермен бірге бейкүнә бүлдіршіндер де қаны бұзық Путиннің бұйрығымен қырылып жатқанын көрсе керек-ті. Көрмеуі мүмкін емес. Сөйте тұра, соғыс отын тұтатқан өз отаны үшін кешірім сұраған ресейлік азамат туралы роликті таратуға үзілді-кесілді қарсылық білдіріпті. “Россия – сильная страна и будет сильной!” деп қояды (құс сымағымыз).
Көз алдыңызға елестетіңізші, гитлерлік Германия басқыншылық соғыс жүргізіп жатқан уақыт делік. Көршілес елдің бірінде тұратын бір әнші (сымақ) фашистердің саясатын қолдап, “Германия – мықты мемлекет” деп бір ауыз сөз айтқанда (немесе пікір жазғанда) не болар еді? Дұрыс айтасыз, ол сол сәтте ақ бүтін елдің қарғысына ұшырап, екінің бірі көзін шұқып, лағнет жаудырған қарабет атанар еді.
Ал бізде ше? Бүркіттің пікірсымағының астына қараңызшы, үш сағат ішінде оны қолдап, 772 адам лайк қойыпты. Лайкшылар кімдер сонда? Соғысты қол-аяғын көтеріп қолдайтын жергілікті қаныпезерлер ме, жоқ Ресей насихатына санасы уланып тынған қысық көз фашистер ме?”, – деп жазды ол Facebook парақшасына.
Осы оқиғадан кейін Бүркіттің өзі де парақшасына жазба қалдырып, саясаткер еместігін және ешқашан ұлтқа бөлінбейтінін айтты.
“Соғыс жаман! Қалай айтсам да, мен болып жатқан жағдайға, әрине, қарсымын! Жәй, қарапайым халық зардап шегіп жатыр! Дұрыс болсын, бұрыс болсын, бұның бәрі жақсылыққа әкелмейді. Кішкентайымыздан орыс болсын көршілеріміз, грек, украин, өзбек болсын, бәріміз бірге тату-тәтті өмір сүрдік. Құдай сақтасын ! Қазіргі жағдайға қарасаң, денең түршігеді. Бейбітшілік болсыншы. Аллаһтан тілеген дұғам осы бүгін! Мен барлық адамдарды жақсы көремін және ешқашан ұлтқа бөлмеймін. Менің пікірім – менің пікірім! Келіспегендер өтіп кете беріңдер. Әркім өз ойын білдіруге құқылы”, – деп жазды ол Instagram парақшасына.
Алайда әншінің бұл жазбасынан кейін де оны сөккендер көп болды. “Хайп қуып жүрсің бе?”, “Неге екі сөйлеп жатсың”, Жауыздыққа қолдау білдірген едің ғой? Орыстың қорлығы өтті емес пе?!” деген пікірлер қалдырған.