Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бүлдіршіндердің жатын орындарында тарақандар өріп жүр: Ақтаудағы ата-аналар балабақшаны жабуды талап етуде

Ақтаудағы бұлдіршіндердің ата-аналары балабақшаны жабуды талап етуде. Олардың айтуынша, балалардың балабақшада тарақандар шағып, тіпті жастықтарында жүреді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana TV арнасына сілтеме жасап.

таракан

Балабақша мекемесінде тарақандардың қаптауы балалардың ата-аналары үшін де, сондағы басшылық үшін де жаңалық емес. Балабақша қызметкерлері санитарлық өңдеуді бірнеше мәрте жүргізген, бірақ жәндіктер жатын бөлмелерден кетпей қойды. Ата-аналардың айтуынша, балаларды тарақандар шағып, үйге жара-жара болып келеді. Олар күрделі санитарлық өңдеу үшін мекемені жабуды талап етеді.

“Балабақша таза емес, сол үшін балам тікелей ішек инфекциясымен ауырып қалды, үнемі құсады. Дене қызуы 40 градусқа дейін көтерілді. Балам балабақшадан келгенде, жастығынан тарақандар шыққанын айтады”, – дейді ата-аналардың бірі.

Мекеме басшылығы тарақандар мәселесін жоққа шығарған жоқ. Директор екі айдың ішінде оны шешіп үлгермегенін айтады.

“Мен бұл лауазымға екі ай бұрын тағайындалдым. Бұл мәселе туралы хабардармыз және оны шешуге шаралар қолданамыз. Бүгін санитарлық-эпидемиологиялық станцияға хабарлаймыз. Бірте-бірте жөндеу жұмыстарын істеп, жаңартамыз”, – деп түсіндірді балабақша директоры Гүлбану Қожабергенова.

Талқылау