Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді букмекерлер салық органдарына бәс тігу мәліметтерін ұсынады: Бұл қаншалықты қауіпсіз

2024 жылдың 12 ақпанынан бастап букмекерлер мен тотализаторлар салық органдарына бәс тігу мәліметтерін ұсынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: ТАСС

Мемлекеттік кірістер комитеті Арнаулы салық режимдері басқармасының басшысы Ерқанат Шымберген ведомствода өткен брифингте 2023 жылдың 12 желтоқсанында Салық кодексіне тиісті өзгертулер енгізілгенін айтты.

"Өзгерістердің бірі – букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың мемлекеттік кірістер органдарына бәс тігу туралы мәліметтерді ұсыну міндеттемесі. Бұл мәліметтер ықпалдастырылған режимде беріледі. Салық органдары мен букмекерлік кеңселер арасында ықпалдастырылған өзара іс-қимыл болады. Букмекерлік кеңселерде аппаратық-бағдарламалық кешен бар", – деді комитет өкілі.

Ерқанат Шымбергеннің айтуынша, онда бәс тігу, ұтысқа қатысушылар туралы барлық дерек тіркеледі. 

"Осы деректердің бәрі салықтық әкімшілеу мақсатында мемлекеттік органдарға беріледі. Бұл түзету осы жылдың 12 ақпанынан бастап күшіне енеді. Содан кейін ықпалдастықтың тиісті ережесі, сонымен қатар мемлекеттік кірістер органдарына берілетін мәліметтер құрамы бекітіледі. Жалпы, бұл ереже ықпалдастық тәртібін, сондай-ақ берілуі тиіс мәліметтер құрамы қарастырылады", – деді ол.



Осы орайда ол ел тұрғындарының жеке деректерін мемлекеттік кірістер органдарына беру қаншалықты заңды екендігін айтты.

"Бұл деректер салықтық әкімшілеу мақсатында ғана пайдаланылады. Яғни, бұл ЖСН туралы бұл мәліметтер салықтық құпия саналмайды. Олардың құпиялылығы тиісінше заңнамалық актілермен қамтамасыз етіледі. Бұл мәліметтерді салық органдары ғана қолданады. Оны жария еткені үшін жауапкершілік бар", – деді Ерқанат Шымберген.

Еске салайық, 2024 жылдың 5 ақпанында елімізде букмекерлік кеңселер мен лотерея ұйымдастырушыларды әр ойын мен оның қатысушылары туралы барлық деректі Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) беруге міндеттелетіні туралы жаздық.

Талқылау