Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Заманауи ұстаз жаңашыл ойлау дағдысын меңгерген тұлға болуы тиіс": Қазақстанның үздік мұғалімі қызметі, оқушылар тәрбиесі мен жеңісі жайлы

"Ескіден қол үзбей, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады", - деген Қытайдың дана ойшылы Конфуцийдің сөзі бар. Сондай мұғалімдердің бірі, ұстаздықтың ауыр жүгін арқалауды өз жүрегінің қалауымен таңдаған Бекбусинова Жумажан Разимовна – Атырау қаласы Мақаш Бекмұхамбетов атындағы орта мектебінің жоғары санатты педагог-зерттеушісі. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің "Ыбырай Алтынсарин" төсбелгесінің иегері. 2021 жылдың үздік педагогы атанып, ел алдында мерейі үстем болған шәкірт анасы Stan.kz тілшісіне өз жұмысының қыры мен сырымен бөлісіп, болашаққа бағдар қойып әрі өткен күннен сыр шерте отырып сырлы сұхбат берді.

уздик мугадим 1

Бекбусинова Жумажан 34 жылғы ұстаздық жолында білім беру саласындағы ерекше еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің "Ыбырай Алтынсарин" төсбелгісімен, Республикалық  "Мәңгілік елдің мәртебелі мұғалімі", Облыстық "Өрлеу" БАҰО" АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының көп жылғы штаттан тыс лекторы ретінде "Ұлағатты ұстаз" төсбелгілерімен және Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.                                          

– Жумажан Разимовна, Сізді алдымен мерекеңізбен құттықтаймыз! Әңгіменің әлқиссасын өзіңізді оқырманға жақыннан таныстырып өтуден бастасаңыз. 

– Мен, Бекбусинова Жумажан Разимовна, 1964 жылы 14-тамызда  Атырау облысы, Мақат ауданы Доссор кентінде дүниеге келдім. Әкем Бекбусинов Разым ,анам-Қорғанбаева Батима  қарапайым өз еңбектерімен зейнеткерлікке шығып, бір ұл, үш қыз тәрбиелеп, ұрпақ қызығын көрген ардақты жандар. Мен Атырау облысы, Мақат ауданы Доссор кентіндегі В.Г.Белинский атындағы орта мектебінен білім алдым. 1988 жылы Гурьев педагогикалық  педагогикалық институтының күндізгі бөлімінде бастуыш сыныптың  мұғалімі ,1990 жылы білімімді толықтыру мақсатында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің филология факультетінің  сырттай бөлімінде оқып қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын ойдағыдай аяқтап шықтым. Алғашқы еңбек жолымды 1988 жылы Атырау қаласындағы Мақаш Бекмұхамбетов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пән  мұғалімі қызметін атқарып келемін. 



Жолдасым Бимағамбетов Бухарбай-қалалық ішкі істер бөлімінде қызмет жасап, еңбек өтіліне байланысты зейнеткерлікке шықты. Шаңырағымызда бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Барлық ата-аналар секілді балаларымыздың болашағынан үлкен үміт күтеміз.

Мұғалім өткен тәжірибесін жаңамен ұштастыра алатын кәсіби қызығушылығы жоғары, танымы биік, бастаған ісінің нәтижесін көре алатын, ғылыми зерттеу жұмыстарын таңдай білетін, педагогикалық үрдістің заңдылықтарымен етене таныс, оқытудың әдістемелік жаңалықтарынан хабардар, оқыту үрдісін ізденімпаздықпен арттыратын өз ісінің шебері болуы шарт.

мугалим 2

– Барша мамандық иелері алғаш болып ұстаздан білім алатыны белгілі. Осы орайда алғашқы ұстаздарыңыз жайлы айтып берсеңіз. 

– Ия, дұрыс айтасыз әр адамға алғашқы ұстазы әрқашан ыстық болады. Қуанышы мен қайғысы қатарласып жүретін бұл фәниде алғашқысы соңғысына орын басатып жатқан жалған тіршілік қой. Тіршілігінде тағылымын көріп тәлім алған абыз ананың, ұлағатты ұстазым Жәмилә Намазованы ерекше атап өткім келеді. Ол кісінің бұл өмірден өткеніне бірнеше жыл болғанымен мейірімді жүзі мен бейнесі санадан мәңгі сақталып тұрады. Жүрегі мейірімге толып, адал еңбегімен елінің қадірлі де қасиетті азаматшасы дәрежесіне көтерілген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген ұстазымды бүгінде сағынып еске аламын. 

Шәкіртсіз ұстаз тұл дейді ғой. "Өз ісінің маманы – көпшіліктің адамы" - деп Әл-Фараби айтқандай мен де ұстазымның жолын қуып қазіргі таңда өз шәкірттеріме ақылымды төгіп, білім беріп келемін. Бүгінгі күнде жеткен әрбір жетістіктерім сол алғашқы ұстаздарымның асыл еңбегі мен арқасы деп білемін.

– Кеше мен бүгінді салыстырып қарайтын болсаңыз, қазіргі уақыттағы ұстаздықтың қандай артықшылықтары бар деп ойлайсыз?

– "Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға" демекші, мұғалім болудың артықшылығы кешегі өткен күнде де, қазіргі уақытта да өз артықшылығын һәм жауапкершілігін бір саты болса төмен түсірмеген. Керісінше, уақытпен бірге ілесіп ұстаздың етудің, бала тәрбиесімен айналысудың жауапкершілігі қазіргі таңда едәуір артқан. Себебі ғылым, оқушы талғамы да сағат санап өсуде. Сол себепті әр мұғалім шәкірт жүрегіне жол табарлық, өз пәніне қызығушылық оятатын ең тиімді әдістерді іздейді. Бұл өз кезегінде білімді жоғары жетілдіруге септігін тигізеді. Мұғалім өз шәкіртіне үлкен талап қою үшін алдымен өз дәрежесін жоғары көтеріп алуы қажет деп ойлаймын.

Қазіргі заманның балалары өте жылдам дамып келе жатқанын айттым. Осы заманғы артықшылықтардың бірі, ол технологияның қарыштап дамуында болып тұр. "Заманың түлкі болса тазы боп шал" дегендей, шәкірттердің қолына ұстаған смартфондарды да сабақ өту барысында пайдалы жағынан қолдануға болады. 

6-сыныпқа арналған "Қосжантану" эллективті курс оқулығының бағдарлама авторымын. Бұл кітап республика, облыстық, қалалық көлемінде таратылған.

Мен  ұстаздықтың  ауыр жүгін  арқалауды  өз  жүрегімнің қалауымен таңдадым. Маман ұстаз ретіндегі негізгі ұстанымым: баланы тұлға деп тану, оның  пікірімен  санасу,  оқушының кішкентай  қуанышын,  табысын  бағалай білу. Сол себепті, басқаның бағына бұйыра бермеген бай ауыз әдебиеті бар халқымыздың баға жетпес мұрасына бойлауда -үйренуде, үйретуде, оқуда, оқытуда қажет.

мугалим 3

Әрине, мұғалім,ең алдымен, бала жанының тамыршысы болуы тиіс. Бала жүрегінің перделерін дәл тауып, оны ойната білу оңайлықпен келмейді. Бұл ұстаздың өз мамандығына деген сенімділігі, бейімділігінен, айқын мақсатынан және бала жүрегіне жол таба білуінен көрінеді. Осы үшеуі мұғалім мейірімділігімен ұштасқанда ғана нағыз тамыршысы бола алады. Оқытуға деген ынта, өзіндегі барды асқан мейіріміділікпен жеткізе білу - мұғалім  шеберлігінің бір қыры.

XXI ғасыр - ақпараттық қоғам мен технологиялық мәдениет дәуірі. Бүгінгі заман мұғалімі қазіргі қоғамдық-әлеуметтік талаптарға жауап беретін, жан-жақты білімді, жаңашыл ойлау дағдысын меңгерген, оқушының жан-жақты дамуын ұйымдастыра алатын және ата-аналармен, жұртшылықпен ынтымақтастық орнатуға икемді тұлға болуы тиіс деп білемін. Ол үшін мұғалім - оқыту мен  тәрбиенің тиімді жолдарын іздестіріп, өз ісінің хас шебері болуы міндетті.

– Өзіңіз еңбек ететін білім ордасы жөнінде айтып берсеңіз. 

– Мен беделді, абыройлы, шәкірттері мерейін асырып жүрген шаңырақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметінің етегінен ұстап, бүгін де сол салада өзімді сынап жүрген пенделердің қатарындамын. Менің қызметімде өзгеден жан жылуын күтетін, анасындай қамқор, мейірбан бола білетін, солардан жылылық іздейтін қара көз шәкірттеріміздің тағдыры тұр. Мен оларға әрқашан жан жылуымды бере алатын адам болуға тиіс екенімді шын жүрегіммен ұғынамын және олардың жағдайын түсініп, қажет кезде қол ұшын бере алатын мұғалім екенімді дәлелдеуге тырысып келемін. 

Міне, осы ортада маған демеу болып, биік парасаттылығымен, жоғары мәдениеттілігімен, кішіпейіл мінезімен, асыл адамгершілігімен із қалдырып жүрген  Ф. Шығанақова, Б.Идрисова, А.Салихова, Н.Бекбауов, С.Қожаева,         З.Бекимова және басқа да әріптестерімді қадірлеймін, үлгі тұтамын. Олармен бір жерде қызмет атқарып, әріптес болғаныма өзімді бақытты жан, шығармашылығымды ұштауға әркез көмек бере алатын жақсылар бар деп, болашағыма сеніммен қарайтын мұғалімнің санатындамын. Мен үшін сол -бақыт. 34 жылдық мұғалімдік қызметім осы мектепте өтіпті. Мен оған еш өкінбеймін. Өйткені, бұл қасиетті оқу орны - өмірімнің ыстығы мен суығының куәсі, екінші үйім. 

– Ұстаз деген ұлы мамандықтың беделін түсірмей үшін не істеу қажет деп санайсыз?

– Ұстаздық – мамандық атаулының киелісі. Оның киелі екенін ұқпағандар ғана беделін түсіреді. Ұстаз деген атқан лайық әр маман оның киесін ұғады, ешқашан беделін түсірмеуге тырысады деп ойлаймын. Ұстаз деген ардақты атты алып жүру үшін абыройлы еңбек етіп, адалдық ту еткен дұрыс. Ең алдымен, ұстаздың басты міндеті – сапалы білім, саналы тәрбие беру. Осы жолда қалтқысыз еңбек етіп, шығармашылық ізденісте жүрген мұғалім ғана жеңістерге жол бастайды. Мен педагог мәртебесін арттыру жолында тынбай еңбектенетін, нағыз ұстазға тән қасиеттерге ие барша әріптестеріммен мақтанар едім.

– Ұстаздан шәкірт озар дейді. Өзіңіз мақтанатын шәкірттеріңіз жайлы айтып берсеңіз.

– Әрбір ұстаз өзінің шәкірттерімен мақтанады. Мейлі ол жетістікке жетсін я жетпесін бәрібір олар мұғалім ыстық болып тұрады. 
Мұғалімнің шығармашылық бағыты - оқушылардың ізденісін, қабілетін дамыту, көркем шығармаларды талдай білуге үйрету. Осы жұмыстар нәтижелерін атасақ, оқушыларым: Ж.Қалжанова Өскемен қаласында өткен республикалық Қ.Бітібаева атындағы олимпиада да 3-орын, Искиндирова Назира  Өскемен қаласында өткен Қанипа Бітібаева атындағы Республикалық олимпиадасында сертификатталды. 2019 жылы Құрмантаев Исатай  Санкт-Петербург қаласында өткен Халықаралық ғылыми жобалар байқауында 1-орын, жұмысы "Ұлы дала ұрпақтары" атты кітапта жарияланды. Қонысбай Расул, Табылды Нұрдаулетбек  2020жылы "Қазақстанның болашағы – жастардың қолында" атты ХХV Халықаралық  ғылыми-практикалық конференциясында  1-орын дипломымен марапатталды.

2020 жылы "Bilim-orkenieti" ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы және "Дарын" орталығының ұйымдастыруымен өткен Республикалық "Абай әлеміне саяхат" байқауында Төлеу Асылжан, Жұмажанов Қуанышбек 1-орын дипломымен, Абдикулова Айкөркем  Асыланбекова Айдана 2-орын дипломдарын иеленген. ғылыми-практикалық конференциясында  1-орын дипломымен, 2019 жылы  Құрмантаев Исатай "Жерұйық" мәдениет орталығы қоғамдық қорының   "Елімнің бақытын тербеткен тәуелсіздік" атты шығармалар сайысында Құрмантаев Исатай бас жүлдені, Қуанышев Әділет I дәрежелі дипломмен марапатталды.    

Республикалық ғылыми-әдістемелік және педогогикалық білікттілікті арттыру орталығының "Бақытты балақай" атты байқауда Хамит Мөлдір "Үздік Эссе" поминациясы бойынша бас жүлдені иеленсе, "Білімді ұрпақ-ел болашағы" атты III Республикалық Үздік ғылыми жоба байқауында 1-орынды иеленді. Марапатқа бөленіп, білімнің арқасында жеңіске жеткен шәкірттерім жайлы айта берсем өте көп. Жоғарыда айтып өткенімдей, мен олардың барлығын бірдей жақсы көремін, жақсы көріп өтемін.

мугалим 4

– 2021 жылдың үздік мұғалімдер қатарынан табылдыңыз. Өз кезегімізде біз де қуанышыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Осы ретте, бұл премия мұғалімдерге қандай да бір серпіліс береді ме?

– Менің ойымша, әрине береді. Мысалы үшін, Астана қаласында өткен жаңашыл мұғалімдердің II Республикалық форумына Атырау облысынан білім саласының жиырмаға тарта мұғалімдері қатынастық.Форумға қатынасқан білікті мұғалімдерді ұлығылау мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Атырау облыстық білім департаменті  Түркияның Анталия қаласына демалысқа жолдама беруі менің еңбегімнің еленгені деп білемін. Атырау облысынан барған 15 мұғалім Қазақстан облыстарынан келген шығармашыл тұлғалармен пікір алмасып,ой бөлістік. Мен таңдаған ұстаздық жол өзім күтпеген жақсы нәтижелерге бастағанына қуаныштымын. 
Бұл алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін. Мұндай жобалар, премиялар мұғалімдерге жаңа шабыт сыйлап, жұмыстарын алға қарай дамытуға үлкен үлес қосады деп ойлаймын. Өз кезегімде жобаны ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіргім келеді. 

– Әңгімеңізге үлкен рахмет!

Талқылау