Қайрат Боранбаев жаңа сот ісімен назарға ілікті
Кәсіпкер Қайрат Боранбаев сот орындаушы Азамат Көпбаевқа сотқа арыз түсірді. Бұл туралы Алматы қалалық маманданған әкімшілік сотының шешімінде айтылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Фото: “Қайрат” ФК баспасөз қызметі
Іс материалдары бойынша, былтыр желтоқсанның соңында кәсіпкер Қайрат Боранбаев жұбайы Шолпанмен ортақ мүлкіндегі үлесті анықтау туралы өтінішті қараудан бас тартқан мемлекеттік сот орындаушыға арызданған.
Кәсіпкер сот орындаушының әрекетін заңсыз деп танып, заң бұзушылықты жоюды талап еткен.
Істің алдын ала тыңдалымы алдында тараптарға келіспеушілікті медиация арқылы шешу ұсынылған. Бірақ олар келісімге келе алмады.
12 қаңтарда Алматы қаласының маманданған әкімшілік соты істі қарап, оны қанағаттандырудан бас тартты.
Боранбаевтарға ортақ мүліктегі үлесті анықтау не себепті қажет болғаны туралы ақпарат ашық дереккөзде жоқ. Бір қызығы іс бойынша мүдделі тұлғалар қатарында кәсіпкердің жұбайы Шолпан Боранбаевамен қатар Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасы бар.
Қайрат Боранбаев былтыр қыркүйекте апелляциялық сот үкімімен 6 жылға сотталған еді.
Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық сотының ұжымы кәсіпкерді ақша жымқырды және заңсыз алынған мүлікті заңдастыру бойынша кінәлі деп таныды.
Сонымен қатар Боранбаевтың мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте және Ұлттық банкте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
6 қарашада кәсіпкер босап шықты.