Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Болат Назарбаевтың егізі...": Алматыдағы Арбатта ән салып, ақша табатын ер адамның кім екені белгілі болды

Әлеуметтік желідегі жұртқа "Болат Назарбаевтың сыңары" атымен танылған ер адам Алматы көшелерінде ән айтып, нәпақасын тауып жүр. Егде жастағы өнер иесінің түр-келбетін халық экс-президенттің інісіне қатты ұқсатады екен. Ерекше вокалдық қабілетімен көпшілікті тәнті еткен музыкант кім? Stan.kz тілшісі анықтап көрді.

Алматыдағы Арбатты әнге бөлеп, көшедегі көпшіліктің көңілінен шыққан өнерпаздың аты-жөні – Қадыр Ілиясов. Алып шаһардың тұрғындарына бірнеше тілде ретро шығармаларды шырқап, ерекше эмоция сыйлайтын 78 жастағы ер адам Жезқазған өңірінің тумасы екен. Ол салған әндердің видеосы әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинаса, TikTok қолданушылары бұл кісіні келбетіне қарап "Болат Назарбаевтың сыңары" деп атайды екен.

"Түрімді Болат Назарбаевқа ұқсатады, көбі солай айтады. Мейлі, айта берсін. Томпақтаумыз, бәріміз қазақпыз. Сосын Алматыда маған ұқсайтын тағы екі адам бар. Болат Назарбаевпен қарым-қатынасым жоқ, жеке таныс емеспін. Мен басшылармен араласпадым, шенеунік боп үкіметтің жұмысында істемедім. "Болат Назарбаевқа ұқсайсыз" деп кейде айтады, қалжыңдайды", – дейді Алматы тұрғыны Қадыр Ілиясов.

Көшеде ән салатын өнер иесі бірнеше аспапты меңгерген кәсіби музыкант екен. Ол кезінде консерваторияда біліп алған. Одан кейін мәдениет министрлігінде еңбек еткенін айтады. Тіпті Роза Рымбаевамен бірге жұмыс істесе, ал Бекболат Тілеуханға қиын кезде көмектесіп, қолдау көрсеткен екен.

"Мен екі шет тілін білетін адаммын. Немісше таза сөйлеймін, италиянша үйрендім. Сол кезде мені мәдениет министрлігіне алып, шет елге шығатын әртістерді дайындап, реттеп, сондай жұмыс істедім. Роза Рымбаевамен Германияға, Венгрияға, Ауғанстанға бардық. Мен солардың оркестрінде ойнайтынмын. Кейде Ауғанстанда электр жарығы жоқ, сол кезде мен аккордеонмен сүйемелдейтінмін. Бекболат Тілеуханды өте жақсы танимын. 1986 жылы көтеріліс болғанда Бекболатқа қиын болған. Оны оқудан шығарып жіберді. Қолымыздан келгенше оған көмек бердік. Олардың отбасын бәрін танимын. Қазір Бекболатпен хабарласпаймын, ол шет елде тұрады ғой, көрінбейді. Сіз білесіз бе, біз қанша адамдарға көмек жасадық..? Оның бәрін айтпаймын. Олар ұмытып кетсе де, ештеңе етпейді. ", – деп өткен шақты еске алды музыкант.

Кезінде мәдениет саласында еңбек еткен Қадыр Ілиясов кейін тіршіліктің қамымен мейрамханада ән айтып, күнелткенін айтады. Оның өмір жолы да оңай болмаған. Өнер иесінің алғашқы жұбайы 1996 жылы өмірден озыпты. Әлгі марқұм әйелі екі ұл туыпты. Кейін бұл музыкант тағы бір мәрте шаңырақ көтеріп, 60 жасында әке атанып, қызды болған. Егде жастағы ер адамның ендігі арманы – жалғыз қызын құтты орнына қондыру. 

"Иә, 60 жасымда әке атандым. Екінші әйелден туған қызым қазір 17 жаста. Музыкаға бағыттап едім, суретші болғысы келді. Суретті жақсы салады. Өмірде өкінішім жоқ, мен ешкімге ренжімеймін. Мен бай адам емеспін, кішкентай үйім бар, 1997 жылы сатып алған көлігім бар. Жаңа көлікке әзірге қолым жетпейді. Мәселе онда емес, көңілде. Құдай қанша күш береді, сонша өлең айтамын. Одан кейін 17 жастағы қызды жеткізу керек. Бір жылдан кейін мектеп бітіреді, одан кейін оқуға түсіру керек. Жоғары білім болу керек, соған ақша керек. Менің ойымша, қызымды жеткізу үшін маған әлі 10 жылдай жұмыс істеу керек. Тұрмысқа шығару, жүгін жинау дегендей... Қазақта солай ғой...", – деп сөзін түйіндеді Қадыр Ілиясов. 

Көшеде ән салып танылған 78 жастағы музыканттың көріпкелдік қасиеті де бар екен. Сондай-ақ ол таяуда ресейлік тележүргізуші Андрей Малаховтың Мәскеудегі шоуына қатысып қайтыпты.
Видеосұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 

Талқылау