Бокстан Қазақстан әйелдер командасының бас бапкері ауысты
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері ауысты. Маңызды қызметке Елдос Сайдалин тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі
Ұлттық олимпиада комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Елдос Сайдалин бұл қызметте Шәміл Сафиуллинді алмастырып отыр. Сафиуллин 2021 жылдан бүгінге дейін бас құраманы жаттықтырып келді.
Айта кетелік, Елдос Сайдалиннің бапкерлік өтілі 16 жылдан асады. Ол еңбек жолын Қарағандыдағы спорт мектебінде жаттықтырушы болып бастаған.
2020 жылдан бері Қазақстан жасөспірім қыздар және жастар құрамасын жаттықтырып келді.
- Елдос Сметов Астанада өтетін соңғы лицензиялық Grand Slam турниріне қатысады
“Оның жетекшілігімен Қазақстан командасы 2021 жылғы әлем чемпионатында 2 күміс, 3 қола жеңіп алды.
2022 жылғы әлемдік додада 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль олжалады.
Ал былтыр Астанада өткен Азия біріншілігінде Сайдалиннің шәкірттері 8 алтынмен көзге түскен. 2023 жылы Арменияда өткен біріншілігін Қазақстан жасөспірім қыздар құрамасы 3 алтын, 5 қоламен аяқтады”, – деп жазды ҰОК баспасөз қызметі.
Айта кетелік, Қазақстан әйелдер командасының еншісінде Олимпиаданың жалғыз жолдамасы бар. 57 келідегі Карина Ибрагимова Азия ойындарында күміс медальмен қатар, Париж лицензиясын иеленді.
Италияда өткен әлемдік лицензиялық турнирде Қазақстан әйелдер құрамасы жолдамасыз қалды.
Енді Қазақстан әйелдер құрамасын Таиландтағы соңғы лицензиялық жарысқа Елдос Сайдалин бастап апарады.
Қазақстандық ескекшілер Париж олимпиадасының жолдамасын сарапқа салатын лицензиялық Азия чемпионатында сынға түсетінін айта кетейік. Жапонияның Токио қаласында өтетін байрақты бәсекеде сарықұрлықтың ең үздік спортшылары бақ сынасады. 18-21 сәуір аралығында өтетін Азия чемпионатына жұптық сында жеңімпаздар, жекелей сында бірінші және екінші орын иегерлері Париж додасына жолдама алады.