Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының ширек финалында екі спортшымыз жеңіліс тапты

Бокстан Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапынан екі боксшымыз ширек финалда жеңіліс тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz

¼ финалда Қазақстан құрамасы сапынан 10 боксшы өнер көрсетуде. Бүгін ширек финалдық бәсекеде 50 келі салмақта рингке алғаш болып шыққан Алуа Балқыбекова түркиялық Айсен Таскиннен басым түсіп жартылай финалға жолдама алды.

60 келі салмақта Виктория Графеева Өзбекстан спортшысы Ситора Тұрдыбекованы ұтты. Отандасымыз екінші раундта қарсыласын бір рет нокдаунға түсірді. Енді Графеева жартылай финалда сербиялық Наталья Шадринамен жұдырықтасады.

Ұлттық құрама сапында әзірге екі боксшымыз жарысты ширек финалдан аяқтады. 54 келі салмақта сынға түскен Жайна Шекербекова да сербиялық боксшыға қарсы кездесу өткізді. Төрешілер бұл жекпе-жекте жеңісті Сара Чирковичке берді. Осылайша Қазақстан құрамасынан ширек финалда алғашқы боксшы жеңіліс тапты.

Жасмин Қизатова да ¼ финалда ұтылып қалды. 66 келі салмақта Ресей атынан сынға түсіп жатқан этникалық қазақ Альбина Молдажановаға қарсы рингке шыққан отандасымыз жарысты ширек финалдан аяқтады.

+81 келі салмақта Елдана Тәліпова да алаң иелерінің спортшысына қарсы жекпе-жек өткізді. Рингте барын салған Елдана сербиялық Сара Миликовичты ұтып, жартылай финалға шықты.

Осылайша рингке шыққан бес боксшымыздың үшеуі жартылай финалға жолдама алса, екеуі ширек финалда сүрінді. Алда тағы бес отандасымыз ¼ финалда шаршы алаңға шығады.

Талқылау