Блогер жаңа уақытқа байланысты Қазақстанда жұмыс кестесін өзгертуді ұсынды
Уақыт белдеуінің өзгеруіне байланысты блогер Нұр Қанатұлы қазақстандықтарға жұмыс күнін сағат 8:00-де бастап, 17:00-де аяқтауды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Блогердің сөзінше, біз ерте ұйықтап, ерте оянып жүргендіктен жұмыс уақытын да соған лайық өзгерту керек.
"Менде мынадай ұсыныс бар: жұмыс уақытын таңғы 8:00-ден кешкі 17:00-ге дейін өзгертсек. Өйткені, бізді бір сағатқа артқа жылжытты. Біз ерте ұйықтап, ерте ояна бастадық. Сіздерге қалай? Өз пікірлеріңізді жазсаңыздар", – деді блогер.
Блогердің ұсынысын Instagram қолданушыларының көбі қолдады.
"Мектеп мәселесін де көтеру керек. Балалардың сабағы 19:00-де аяқталады. Бұл бұрынғы уақыт бойынша 20:00. Дала қою қараңғы", "Иә, бір уақытта электр қуатының тарифі көтеріліп, уақыт энергия орталығының пайдасына өзгертілді. Жарықты 1 сағат бұрын қосамыз. Монополия пайда тауып жатыр", "Таңертең сыртқа шықсаң түс болып кеткен сияқты әсер аласың", – деді желі қолданушылары.
Еске салайық, 1 наурыз күні Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне ауысқан еді.