Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бизнестің қаржысын қалай басқарамын: Онлайн-бухгалтер деген кім?

Кәсіпкер болып, жеке кәсіп ашудың, оған қаржы іздестірудің жолдарын зерттеп көрген едік. Енді өз бизнесіңізге түскен пайданы тиімді пайдаланып, оны дұрыс басқарудың жолдарына келейік. Кез келген ұйымда, мейлі ол мемлекеттік мекеме болсын, ірі холдинг болсын, тіпті шағын бизнес болсын қаржы басқаратын адам немесе адамдар тобы болады. Яғни бухгалтерлер. Алайда кез келген бизнес бухгалтер қызметін көтере алмайды. Әсіресе, жаңа бастаған жас кәсіпкер үшін бұл қосымша үлкен шығын болуы мүмкін. Алайда барлық қызметті қашықтан істеуге болатындай, онлайн-бухгалтердің де қызметін көруге болады. Stan.kz бизнестегі қаржыны басқарудың негізгі жолына тоқталады.

Бухгалтер не үшін керек?

Бухгалтер – компанияның немесе ұйымның бухгалтерлік есебін жүргізуге жауапты тұлға. Бухгалтерлік есеп – барлық шаруашылық операцияларды үздіксіз құжаттамалық есепке алу арқылы ұйымның мүлкі, мемлекет пен қызметкерлер алдындағы міндеттемелері және олардың қозғалысы туралы ақшалай мәндегі ақпаратты жинау, тіркеу және жинақтаудың реттелген жүйесі.

Бухгалтерлік есепті бухгалтерлік есеп туралы Заңға сәйкес: еңбек шарты бойынша кәсіпорынға қабылданған бас бухгалтер, бухгалтер немесе ұйымның бас директоры жасай алады. Бұдан бөлек, есепті бухгалтерлік сүйемелдеу жүргізетін бейтарап ұйым жүргізе алады. Соңғы кездері заманауи технологиялардың дамуына байланысты бухгалтерлік есепті де онлайн жүргізу мүмкіндігі пайда болды.

Бухгалтерлік есепті қалай жүргіземіз?

Онлайн-бухгалтерия – нақты уақыт режимінде компанияның қызметін есепке алуға мүмкіндік беретін ақысыз қызмет. Бухгалтерлік есепті жүргізудің бұл әдісі өте ыңғайлы. Себебі ол кәсіпкерлерге мобильді қосымшада немесе интернет-банкингте өз шоттарында барлық қажетті операцияларды жүргізуге және бақылауға мүмкіндік береді.

Мұнда кеңседегі компьютерде жұмыс істемей-ақ, есепті желі арқылы жүргізу мүмкіндігі бар. Барлық деректер интернетте оператордың серверлерінде сақталады. Яғни жеке кәсіпкер кірістер, шығыстар, жұмысшылар туралы мәліметтерді үнемі онлайн-бухгалтер есеп базасына енгізеді. Осы мәліметтер негізінде жүйе автоматты түрде салық, ҚҚС және өзге де есептерде ұсынып отырады. Сіз бірден салықтар мен жарналарды есептеп, төлей аласыз.

Есептілікті тапсырудан басқа, сервисте талдау жүргізуге болады. Мысалы, сату көлемін, кірісті, қызметкерлердің жұмыс кестесін бақылау, демалыс күндерін есептеу. Онлайн-бағдарламада жұмыс компанияның жеке кабинеті немесе ЖК арқылы жүргізіледі. Оған кіру үшін логин мен пароль қажет. Сіз кез келген компьютерден есеп жүргізе аласыз. Көптеген онлайн-бухгалтерлер пайдаланушыларға мобильді нұсқаларын да ұсынады.

Онлайн есеп жүргізу негізінен екі нұсқада қолжетімді: арнайы онлайн бухгалтерлік қызметтерді пайдалану немесе есеп айырысу шотына байланысты банктік бағдарламаларды таңдау. Қазір Қазақстанда да мұндай банктік бағдарламаларды пайдалануға болады. Мәселен, ЦентрКредит Банкте онлайн-бухгалтер қызметі бар. Оның қызметіне тіркелу үшін бар болғаны банк сайтына кіріп, аты-жөніңізді, жеке сәйкестендіру нөміріңізді және телефон нөміріңізді жазсаңыз жеткілікті. Банк сіздің өтінішіңізді қарап, кейін өз жүйесіне кіруге рұқсат береді де, сізге бірнеше мүмкіндік ашылады.

ЦентрКредит Банкте онлайн-бухгалтер қызметіне қосыла отырып, сіз бұл қызметті тегін пайдалана аласыз. Бухгалтерлік есеп пен салық төлемдері автоматтандырылады. Жүйе сіздің салықты уақытылы төлеп, есепті уақытылы өткізуіңізді бақылап отырады. Бухгалтер автоматты түрде сіздің ЦентрКредит Банктегі шоттарыңызға байланады. Яғни өз шотыңызды немесе бизнесіңіздің шотын онлайн-бухгалтер арқылы басқарып отыра аласыз. Банк клиенттердің қауіпсіздігіне толыққанда кепілдік бере отырып, сіздің жеке ақпараттарыңызды құпия сақтайды.

Онлайн-бухгалтердің қарапайым бухгалтерден айырмашылығы неде?

Онлайн-бухгалтер туралы айтқан кезде кез келген адамда автоматты түрде оның қарапайым бухгалтерден артықшылығы неде деген сұрақ туындауы мүмкін.

Біріншіден, бұл артық шығынды қажет етпейді. Ешкімге жалақы төлеудің, жұмыс орнын қамтудың, жағдай жасаудың қажеті жоқ. Адами факторға байланысты қызметкерлерге жалақыны немесе органдарға есепті кешіктіру сынды кемшіліктер болмайды. Яғни сіз өзіңіз қалаған уақытта жүйеге кіріп, есепті алып, жалақыны төлеу мүмкіндіктеріне ие боласыз.

Тіпті бухгалтер жалдамай, сіз өзіңіз қаржылық есеп жасай аласыз делік. Алайда ол үшін сізге қосымша компьютер алып, арнайы бағдарламалар орнату қажет. Ал онлайн-бухгалтерге ешқандай компьютер де, бағдарлама да қажет емес. Бұдан бөлек, бірде бір бухгалтер жасайтын декларациялық құжаттарды шығарып, оны сақтап жүрудің де қажеті шамалы. Себебі онлайн-бухгалтер бұл құжаттардың барлығын өз жүйесінде сақтап қалады. Сіз қалаған уақытта, қалаған жерде отырып, құжаттарды шығара аласыз.

Осы жүйені ұсынып отырған компания сізге техникалық қолдау көрсетуге міндетті. Мәселен, ЦентрКредит Банк ұсынған Онлайн-бухгалтерия қызметінде техникалық қолдау қызметі тегін. Жүйе қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, оларды демалысқа жіберу қызметтерін автоматты түрде орындай береді. Сізге және сіздің қызметкерлеріңізге шот ашу, шот фактура қалыптастыру да қызметке енеді.

Бұдан бөлек, міндетті зейнетақы жарнасы, әлеуметтік салық, міндетті әлеуметтік-медициналық салық және өзге де салық түрлерін автоматты түрде есептеп отырады. Оларды төлеу туралы сізге ескертулер жіберіп, қауіпсіздігіңізді де сақтайды.

Сонымен, онлайн-бухгалтерге ауысатын болсаңыз, бірінші кезекте, олардың ұсынатын қызметтеріне мұқият қараңыз. Неғұрлым көп қызмет болса, сіз үшін соғұрлым тиімді деген сөз. Екіншіден, ірі компаниядан немесе банктен қызмет алуға тырысыңыз. Себебі сізге қауіпсіздікке кепілдік болуы тиіс.

Талқылау