Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біздің сөзімізді тыңдағысы келген жоқ": Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сотта жәбірленушінің ағасы сөйледі

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында кәсіпкер, Гүлмира Сатыбалдының күйеубаласы Абай Жүнісовтің ағасы Алтай Жүнісов сөз сөйледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kzФото: Stan.kz

Алтай Жүнісов 2019 жылғы оқиғаны айтып берді. Ол бауыры Абай Қалқаманда дегенді естіп, оған барған. Бірақ жүздесе алмапты.

“2019 жылы 13 ақпан күні Абайдың Қалқаманға келгенін естіген едім. Кешке жақын анама үйге барғанда екі көліктің қозғалып бара жатқанын білдім. Сосын анамнан Абайды алып кетті дегенді естідім. Осы туралы ағаммен сөйлестім. Содан қасында кім болды дегенде Жұмағұлов Айбатыр деді, сосын оған хабарластым. Анамнан Жүнісов Қасыммен бірге бауырымды алып кеткенін білдік, сосын оған хабарласып, бармақ болдық”, – дейді Алтай Жүнісов.

Жүнісов бауырын алып кеткен жерге өз көлігімен, жалғыз барған. Барып жолығып, не болып жатқанын білем деп ойлаған. Алайда оны кіргізбеген.

“Өз көлігіммен бардым, қасымда ешкім болмады. Кеңсеге барғанда мені кіргізбеді. Ол жерде он шақты адам тұрды. Сол жерге машинамды қойдым, ішке кіргенде басқа адамдарды көрдім. Ішке кіргізбеді. Телефон соқтым, Қасыммен сөйлескім келгенде алмады, істің басқаша болып жатқанын түсініп машинада болдым. Өзім барып көрейін, барайын деп бардым. Не болса да, ол кеңседе деп ойладым. Бірақ жолыға алмаған соң анама барып, бәрі жақсы деп түсіндірдім, хабарладым. Сосын қайтадан кеңсеге бардым, бірақ тағы да кірмедік, хабарласа алмадым. Оның алдында Гүлмирамен жолыққанбыз, ол 5 миллиард туралы айтты. Маған бәрі белгілі еді”, – дейді ол.

Айыпталушы Гүлмира Сатыбалдының адвокаттары Алтай Жүнісовтен “Гүлмира Сатыбалдымен қашан жолықтыңыз?” деп сұрады.

“Батырбеков “Бізді Алматыға шақырып жатыр, жала жауып жатыр екен” деп келді. Сосын 13 ақпаннан 1-2 күн бұрын Baur Kazakhstan кеңсесіне бардық, Гүлмирамен жолықтық. Не мәселе, не жағдай деп білгіміз келді. Себебі бүкіл компания бәрі естіп алған еді. Жолыққанда ол бауырым Абай Жүнісов “осынша ақша ұрлаған” деп айта берді. Біз бәрін заңды түрде шешейік дегенде бұл кісі “Сендердің қатыстарың жоқ, сендер қам жемеңдер, бірақ осылай ақша жымқырған” деп айта берді. Бұл кісі біздің сөзімізді тыңдағысы келмеді. Әңгіме бәріне естілгенін қалағандай сыңай танытты, бәріне естіртіп айтқандай болды. Бұл жерден кетіңдер деп бізді қуғандай қылды”, – дейді Абай Жүнісовтың ағасы Алтай Жүнісов.

Бұған дейін жауап алу кезінде Абай Жүнісов ағалары бостандық үшін көліктері мен үйлерін ломбардқа қойғанын айтқан.

"Гүлмира Сатыбалды қоқан-лоқы жасап, талаптарын орындаудан бас тартсам, маған зорлық-зомбылық жасалатынын айтқандықтан, ағаларым менің өмірімді сақтап қалу үшін оның заңсыз талаптарына келісім беруге мәжбүр болды. Дәл сол уақытта туыстарымның менімен кездесе алмағанын, заңсыз қамауда отырған үйге кіруге рұқсаты болмағанын, менімен байланыса алмағанын айтқым келеді", – дейді Абай Жүнісов.

Айта кетейік, Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша айып тағылып отыр.

Онымен бірге Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу) айыпталып отыр.

Еске салайық, Гүлмира Сатыбалды 2023 жылдың маусым айында Қызылорда сотымен тағы 8 жылға бостандығынан айырылған. Бұл іс те бөтеннің мүлкін иемдену және жымқыру бабы бойынша қаралған.

Талқылау