"Біздің әулет өңірге танымал болатын": Дарико Хасанғалиева алғаш рет ата-анасы мен бауырлары туралы айтты
Танымал композитор, сазгер марқұм Ескендір Хасанғалиевтің жұбайы Дарико Хасанғалиева алғаш рет отбасы мен бауырлары туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Дастархан” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бағдарламаның кезекті саны солтүстік өңірінен шыққан танымал ел тұлғаларына арналған болатын.
“Менің туған жерім – Қарағанды облысы, Шахтинск қаласы. Үйде жеті ағайындымыз. Мен ата-анамның тұңғыш баласымын. Әкем партия қызметкері болды. Анам біздің тәрбиемен айналысты. Біздің әулет өңірге танымал болды. Қазбек Ашляев деген боксер шыққан. Сол арқылы біздің әулетті ел-жұрт танып алды. Әркімнің туған жері ыстық. Дегенмен Ескендір екеуміздің алғаш танысқан қаламыз ретінде сағынамын. Сол қалада жастық шағымыз өтті. Менің анам біздің кішкентай кезіміздегі фотоларды көзінің қарашығындай сақтады. Анамның алдында отырған фотом әлі күнге дейін бар. Мен де Біржанның кішкентай күніндегі фотоларын сақтап жүремін. Әкесі Біржан туғанда “Айым болып тудың ба?” әнін шығарды. Елге таралып кеткен видеода әкесі ән айтып отыр, Біржан дирижер болып билеп отыр”, – деп көзіне жас алды.
Сондай-ақ әнші әкесінен қорыққанынан Ескендірдің концертіне барғанын да айтып қалды.
“Қарағандыда атақты композитор, әнші келе жатыр, концерт береді деп барлығы шулады. Әкем менің сол концертке барғанымды қатты қалады. Ал мен ол кезде Мәскеуде оқитынмын. Жолға жиналып жатқан едім: “Айналайын, Дарико, осы концертке баршы” деп әкем тұрып алды. Ол кісі өз айтқанын істетпей қоймайтын, қатал кісі еді. Қазір ойлап қарасам, егер әкем сол концертке мені жібермегенде Ескендір ағаларыңмен таныса алмай қалатын ба едім. Сондықтан әкеме әрқашан рақметімді айтып отырамын”, – деп еске алды марқұмның жұбайы.
Еске салайық, Дарико Хасанғалиева марқұм жұбайының видеосын көріп, эфирде жылап қалғанын жазған болатынбыз.