Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз халықпен біргеміз": Бүгін Алматыда бір топ белсенді алаңға шығып, билікке наразылықтарын білдірді

Бүгін 3 қаңтар күні Алматыда Қазақстанда тіркелмеген Демократиялық партияның басшысы Жанболат Мамай мен оның жақтастары алаңға жиналды. Олар билікті сынап, халықтың Маңғыстау жұртшылығымен бірге екендіктерін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

мамай митинг

Алматыда қала билігі Республика алаңын жауып, қала орталығында интернеттің жұмысына шектеу қойды.

Полицейлер жаяу жүргіншілер мен көліктің өтуіне жол бермей, бөгет жасады.

Кейбірі мұны Жанболат Мамайдың жуырда жасаған мәлімдемесімен байланыстырады. Ол алматылықтарды сағат 14.00-де жаңаөзендіктерді қолдаймыз деген рұқсат етілмеген митингіге шығуға шақырған еді.

Белсенді Жанболат Мамай мен жақтастары белгіленген уақытта Республика алаңына келіп, наразылықтарын білдірді.

"Бүгін билік бүкіл жолды жауып, автокөліктерді де адамдарды да жүргізбей тастап отыр. Себебі олар халықтан қорқады. Маңғыстаулықтардың талабы дұрыс. Олар әділдік үшін, шындық пен ақиқат үшін алаңға шығып отыр. Біз Жаңаөзенде тұрған ағайынға толық қолдауымызды білдіреміз. Олардың арызы орынды", –  деді сөз сөйлеген Жанболат Мамай.



Мамай сонымен қатар биліктің бүгіннен бастап бас көтерген халықпен ашық диалогқа көшу қажеттігін атап өтті.

"Бүгіннен қалмай премьер-министр Жаңаөзенге бару керек. Халықтың талабын тыңдауы керек. Бұдан алдыңғы трагедия қайталанбауы тиіс. Халыққа күш қолданылмасын. Біз осыны ашық айтамыз", – деді белсенді.

Еске салайық, жексенбі, 2 қаңтар күні Жаңаөзен қаласында жүздеген көлік иелері көшеге шыққан болатын. Олар жиындарда 1 қаңтардан бастап литрі 100 теңгеден 120 теңгеге дейін қымбаттаған сұйытылған  газ бағасын төмендетуді талап етті.

Энергетика министрлігі бағаның көтерілуін сұйытылған газды өндірушілердің оны электронды сауда арқылы сатуға көшуімен түсіндірді.

Бірақ халықтың түсіндірмесі қанағаттанбады, себебі Қазақстанның батыс өңірлеріндегі көлік толығымен дерлік газдандырылған. Көтеріліс салдарынан наразылық акциясы облыстың бірнеше ауылын қамтып, шерулер түннің бір уағына дейін жалғасты.

Талқылау