Бишімбаевтың түрмеде не себепті жұмыс істемей жүргені белгілі болды
Қылмыстық-атқару жүйесі әйелін өлтіріп, 24 жылға сотталған Қазақстанның бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың колонияда жұмыс істемейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жоғарғы сот
Ведомство Қуандық Бишімбаевтың не себепті түрмеде жұмыс істемейтінін түсіндірді.
“Бос жұмыс орындардың жоқтығынан жұмысқа орналаса алмайды. Сотталушының күн тәртібі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіп ережелері мен қолданыстағы қылмыстық заңнаманың талаптарына сәйкес сақталады", – деп мәлімдеді Қылмыстық-атқару жүйесі.
Сондай-ақ ведомство Бишімбаевтың жазасын қатаң режимдегі мекемеде өтеп жатқанын атап өтті.
Еске салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2023 жылы 9 қарашада ұсталған еді. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры Бақытжан Байжанов та тұтқындалды. Олардың сот отырысы 2024 жылы 27 наурыздан басталып 10 мамырға дейін жалғасып, ашық түрде өтті.
Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін айыпталған.
Экс-министр Қуандық Бишімбаев соңғы сот отырысында әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады.
Бұған дейін Бишімбаев қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеге қамауға ауыстырылған еді.