Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаевтың адвокаты сот үкіміне үш апелляциялық шағым түсірді

Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қорғаушылары сот үкіміне қатысты үш аппеляциялық шағым түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі

Адвокат Ерлан Ғазымжановтың сөзінше, апелляция мерзімінің соңғы күні – 28 мамыр. 

“Бүгін сот кабинеті арқылы сағат 17:00 шамасында апелляция бердік. Қазір тергеу изоляторында отырмыз. Апелляциялық шағымды әріптестерімізбен талқылаймыз. Әркім өз атынан жазады. Біз, іс қаралған бапты өзгерту бойынша талап қоямыз”, – деді адвокат Ерлан Ғазымжанов.

БАҚ өкілдері “Бишімбаевтың өзі шағым түсіре ме” деген сауалына адвокат “шағым түсіреді” деп жауап берді.

Адвокат Ерлан Ғазымжанов атап өткендей, апелляцияда 20-ға жуық процессуалдық заң бұзушылықтар көрсетілген.

Бишімбаевты қорғаушылардың пікірінше, судья сот талқылауы кезінде олқылықтарға жол берген.

27 мамырда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша 4 жылға сотталған Бақытжан Байжанов апелляциялық шағым түсірген.



Айта кетейік, Ерлан Ғазымжанов қоқан-лоқыға байланысты полицияға арыз жазғаны да белгілі болды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеуді Астана қаласы Сарыарқа аудандық полиция бөлімі жүргізіп жатыр.

Еске салайық, 13 мамырда өзінің әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталып, сот ісі ашық жүргізілген экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға, ал оның туысы Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкімге сәйкес ол қауіпсіздігі қатаң деңгейдегі қылмыстық-түзету мекемеде жазасын өтеуге тиіс. Бишімбаевтың 2023 жылы 9 қарашадан бері тергеу изоляторында қамауда отырған әр күні 1 күн болып есептеледі. Яғни оның жалпы жазасын өтеу мерзімі 23 жыл 6 айға созылады. Сонымен қатар Бишімбаевтан сот экспертизасының шығындары үшін мемлекетке 2 миллион теңге өндіріп алу да қарастырылған. Бишімбаевты ұстаған екі полиция қызметкері де жауапқа тартылды.

Талқылау