Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаев соты арқылы халық назарын су тасқынынан басқа жаққа аударайын деп жатқан жоқ па – Есмағамбетова пікір білдірді

Денсаулық сақтау вице-министрі – мемлекеттік бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Adal Adam Live Youtube-арнасына сұхбат беріп, су тасқынына қатысты тарап жатқан бірқатар өзекті мәселеге пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: кадрдан скриншот

Журналист ел ішінде тарап жүрген қауесеттерге байланысты сұрақ қойды. 

“Қазір елде екі мәселе өзекті болып тұр. Ол – су тасқыны мен Бишімбаев соты. Бишімбаевтың соты арқылы халықтың назарын су тасқынынан басқа жаққа аударғысы келіп жатқаны рас па?” деп сұрады сұхбат алып отырған тілші. 

Айжан Серікбайқызы екеуі екі бөлек процесс және бір-бірімен байланысы жоқ деп ойлайтынын айтты.

“Тасқынға келсек, үкімет салдарын жою үшін барлық шараны атқарып жатыр деп ойлаймын. Ең маңыздысы, көп адам зардап шеккенін ескерсек, тасқыннан кейінгі жағдайды жылдам шешу керек”, – дейді ол. 

Министр орынбасары Бишімбаевтың сотын көріп жүрген жоқ екен.

“Себебі сот процесі ұзақ болады, менің ондай уақытым жоқ. Бірақ сот отырысында айтылғанның бәрі әлеуметтік желілерге шығатын болғандықтан, ерікті-еріксіз түрде не болып жатқаны туралы оқып қаламын. 

Мен әйелге, балаларға, ер адамның өзіне жасалған зорлық болса да, дұрыс емес, олай болмауы керек деп есептеймін. Сотқа келсек, Бишімбаевтың істегенін ескере отырып, алқабилер оң шешім шығарады деп үміттенемін”, – деді вице-министр. 

Айта кетейік, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер "су тасқыны кезінде санитарлық-профилактикалық іс-шараларды күшейту туралы" 2024 жылғы 4 сәуірдегі қаулыға қол қойды. 

Талқылау