Rolls-Royce жеткізіп бермек болған: Біріккен Араб әмірлігі алаяқты Қазақстанға экстрадициялады
Бас прокуратура мен интерпол қызметкерлері сыртқы істер министрлігінің көмегімен Біріккен Араб әмірліктерінен алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін күдіктіні экстрадициялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видекадрдан скриншот жасалған
Ол 2010 жылдың қазан айында жәбірленушіден АҚШ-тан “Роллс-Ройс” маркалы автокөлікті жеткізу үшін 50 миллион теңгеден аса ақшасын алып, кейін қашып кеткен.
Бас прокуратураның мәліметінше, оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, халықаралық іздеуге жарияланды. Күдікті Қазақстанның құқық қорғау органдарынан 10 жылдан аса уақыт бойы жасырынып келді.
Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Іздеушіні экстрадициялау Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб әмірліктері арасындағы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы дайындаған 2009 жылғы қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімнің арқасында мүмкін болды.
Еске салайық, бұған дейін тоғыз кәсіпкерді алдап кеткен қазақстандық Ресейден экстрадицияланғанын жаздық. Ресейлік тарап экстрадициялау мәселесін шешкенін бас прокуратура атап өтті. Күдікті Қазақстанға жіберіліп, онда ол қылмыстық жауапқа тартылды.