Біреудің күйеуін қызының әкесі деп көрсеткен қазақстандық әйел сот алдында жауап берді
Қарағандыда 6 адам жаңа туған нәрестені саудаға салды деп айыпталып отыр. Қылмыстық іс облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ru.freepik.com
Қарағандыда көпбалалы ана 2022 және 2023 жылы екі баланы дүниеге әкелген. Бірақ әлеуметтік жағдайы төмен болғандықтан балаларды ауруханадағы мейіргерден баласы жоқ ерлі-зайыптыға беріп жіберген. Тергеушілердің айтуынша, әйел мұндай қадамға қаржылық қиындықтар болғандықтан барған. Сондай-ақ мейіргер екеуі балалар үшін алты миллион теңге алған көрінеді.
“2022 жылдың қаңтарында және 2023 жылдың тамызында әйел қаладағы перинаталды орталықта екі сәбиді дүниеге әкелді. Материалдық жағдайына байланысты балаларды асырай алмайтынын түсініп, олардан бас тартып, мейіргер арқылы балаларды бөтен отбасыға сатқан. Олар баласы жоқ ерлі-зайыптымен кездесіп, баланың әрқайсысын үш миллион теңгеге сатқан. Осылайша, ол қылмыстық кодекстің 135-бабы 2-бөлігінің 1, 2-тармақтарында (Бір топ адамдар алдын ала сөз байласу бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты сатып алу-сату немесе өзге де мәмілелер) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасаған”, – деді Әлихан Бөкейхан атындағы аудандық прокуратураның прокуроры Сәуле Жылқыбаева.
Қылмыс жасағаны үшін көпбалалы ана, мейіргер, екі ерлі-зайыпты жұп сот алдында жауап берді. Ерлі-зайыпты қазір екі баланы тәрбиелеп отыр. Оларға алдын ала сөз байласып кәмелетке толмағандарды сатып алу-сату және балаларға қатысты басқа да мәмілелер жасады деген айып тағылды.
"Балаларының бөгде отбасыларда болуын заңдастыру мақсатында биологиялық ана "сатып алушы" ерлі-зайыптылармен бірге Әділет басқармасына әке болуды анықтау туралы өтінішпен жүгініп, балалардың туу туралы куәліктерін алды. Онда балалардың әкесі ретінде сотталушылардың есімі көрсетілген. Ерлі-зайыптының бірі осы негізде сот арқылы бала асырап алу рәсімінен өтті. Сотталушылардың кінәсі балалардың биологиялық анасы мен мейіргердің банк шоттарына аударылған қаражатпен дәлелденді. Сондай-ақ олар ақшаның бір бөлігін қолма-қол берген”, – деді мемлекеттік айыптаушы.
Айыпталушылар прокурордың бұл сөзімен келіспейді. Олар балаларды сатып алмағанын айтады. Балалардың бірін тәрбиелеп отырған әйел биологиялық анасы баланы балалар үйіне жібермес үшін өзіне тапсырды дейді.
“Күйеуіміз екеуіміз балалы бола алмай жүргенімізге 15 жыл болды. Танысымыз бір әйелдің баласынан бас тартқалы жүргенін айтты. Онымен кездескенде баласын балалар үйіне жібергісі келмейтінін және бізге сеніп табыстағысы келетінін айтты. Бұл жақсылығын қалай өтейміз дегенде ештеңе керек емес деп жауап берді”, – дейді айыпталушы.
Сонымен қатар ол әйелге 3 миллион теңге аударым жасағанын да жоққа шығарды. Айтуынша, жүктілік кезінде ол баланың биологиялық анасына медициналық тексеру мен дәрумендерге деп 19 500 теңге аударған.
“Әйел баланың әкесі ретінде кез келген адамды көрсете алады. Анасы – өзі, әкесі ретінде менің күйеуімді көрсетті. Біз баланы заңды түрде асырап алуға үлгермедік. Өйткені тергеу шаралары басталып кетті. Біз оны өз баламыздай тәрбиелеп жатырмыз, тіпті қамқоршы ата-аналар мектебінен өттік. Ол – біздің сәбиіміз, біз оны шексіз жақсы көреміз, ол – өміріміздің бір бөлшегі. Өз баламызды туа алмағанымыз үшін кінәлі емеспіз”, – дейді айыпталушы әйел.
Айтуынша, тергеудің басталғанына бір жыл уақыт болған.