“Бір күні жұмыс істемей қалуы мүмкін”: Алматыда метро қызметкерлері сапасыз тежегіш төсемдерінің алынғанына наразы
Аламтыда метро қызметкерлері пойыздарға арналған тежегіш төсемдерінің сапасы нашар, жасанды болып шыққанын жеткізді. Айтуларынша неміс өнімінен алынды деген құралдар шындығында қазір іске жаратуда қиындық тудырып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото сюжет кадрларынан
Қызметкерлер ереже бойынша төсемдер неміс өндірісінен болуы керегін алға тартты. Алайда іс жүзінде олай болмай шыққан.
“Becorit компаниясы сараптамалық қорытынды береді. Оған сәйкес бұл төсемдер олардың өнімдерінен емес. Тіпті мұнда Becorit компаниясының логотипі қате жасалған. Бұл партия олардан сатып алынбаған және Becorit компаниясының материалдарынан өндірілмеген”, – деді "Метрополитен" КМК еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің бастығы Роллан Балғабаев.
Енді жұмысшылар тежегіштер “бір күні жұмыс істемей қалуы мүмкін” деп қорқады. Айтуларынша, бұл өте қауіпті.
Алайда метро әкімшілігі алаңдауға негіз жоқ деп сендіруде. Олардың сөзінше, желіде тараған бұл видеода бұрынғы басшылықпен сатып алынған ескі төсемдер көрсетілген. Ал қазір жаңа басшылықта бұлардың барлығы түгелдей ауыстырылған. Басшылық қазір толық аудит пен сараптама жүргізіліп жатқанын жеткізді. Жолаушылардың қауіпсіздігінеқауіп төндірмейді дейді.
“Біздің барлық пойыздардың жүруі үшін ең алдымен түпнұсқа, сапалы бөлшектерді сатып алуымыз керек. Бұрын олай болған жоқ. Қазір біз кез-келген жеткізушіден тауардың сапасына сәйкес келуі туралы міндетті хат талап етеміз. Бізде күн сайын депо желісінде техникалық тексеріс жүргізіледі. Егер жарықтар болса, бұл төсемдер ауыстырылады”, – деді "Метрополитен" МКК директорының пайдалану жөніндегі орынбасары Абзал Шогельбаев.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы метросының қызметкерлері бюджет қаржысын жымқырғаны туралы хабарлаған едік.