ҚМДБ 2021 жылғы Оразаның қашан басталатынын жариялады
Елімізде қасиетті Рамазан айының қашан басталатыны белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген төралқа мәжілісі өтті. Онлайн режимде өткен мәжіліске наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, бөлім басшылары мен бас имамдар қатысты.
"Санаулы күндерден соң қасиетті Рамазан айы кіреді. Мұсылман үмбеті үшін Рамазан – сондай бір ерекше ай. Еліміздегі қаншама бауырларымыз осы айды күтеді, оразасын ұстайды. Мейірім мен кешірімге, сауапқа толы айды әдеттегідей өз деңгейінде өткізуді Алла нәсіп етсін! Қазіргі жағдайды ескере отырып, ең бастысы тазалық пен тәртіп жағына көңіл бөлсек. Осы айда мейлінше қайырымды істерді көбірек атқаруға шақырамын. Жамағаттың ыңғайына қарай уақытын белгілеп онлайн дәрістер, Құран үйрету сабақтарын өткізуді жалғастыруымыз керек. Халыққа пайдалы уағыз тарату мақсатында тікелей эфирлер ұйымдастырып, мүмкіндігі жоқ жандарға ауызашар пакеттерін жеткізу жағын қолға алуды тапсырамын",- деді жиынды ашқан ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.
- Қазақстан қалалары үшін 2021 жылға арналған ораза кестесі жарияланды
- Ораза дұғасы, сәресі және ауызашар дұғалары
Кеңейтілген мәжіліс барысында 8 мәселе қаралды. Төралқа мәжілісінде ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы Рамазан айының басталуы, Қадір түні және Ораза айт күндері жайлы баяндады. Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Рамазан айы 30 күн болады. 13 мамыр – Ораза айт күні. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – Қадір түні.
Бұған дейін биылғы пітір садақаның құны 420 теңге болып белгіленгені туралы хабарлаған болатынбыз.
Одан бөлек, мамандар Ораза кезінде карантиндік талаптарды сақтай отырып ауызашарды ұйымдастыруға болатындығы туралы айтты.