"Көзқарастары ескі": Қазақстан мұғалімдерінің қартаюы білім жүйесін әлсіретіп отыр ма?

Фото Chat GPT көмегімен жасалды
Жақында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанның білім беру жүйесіндегі негізгі мәселе педагогтардың жасының ұлғаюы деп пікір білдірді. Оның сөзінше, жасы үлкен мұғалімдерге цифрлық технологияның жылдам енуіне бейімделу қиын, салдарынан білім беру сапасы төмендейді. Ал мектеп мұғалімдері мен ата-аналар бұл туралы не ойлайды? Олар үшін де мұғалімнің жасы соншалықты маңызды ма? Stan.kz ақпарат агенттігі сұрап көрді.
Оқу-ағарту министрдің айтуынша, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының сарапшылары педагог кадрлардың қартаюы жаһандық үрдіске айналғанын ескертіп жатыр. Олардың болжамынша, 2030 жылға қарай ЭЫДҰ елдерінде (нарықтық экономикасы бар 34 ел) мұғалімдердің үштен бірінен астамы 50 жастан асады, ал жас мамандардың үлесі төмен деңгейде қала береді.
"Қазақстанның білім беру жүйесі тап болып отырған негізгі сын-қатерлер педагогикалық құрамның қартаюына, жас мамандар үлесінің төмендігіне және өңірлік теңгерімсіздікке байланысты. 50 жастан асқан мұғалімдердің үлесі артып келеді, ал 35 жасқа дейінгі жас мамандардың үлесі шамамен 15% деңгейінде қалып отыр. Бұл ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіштен төмен", – дейді министр Жұлдыз Сүлейменова.
"Жасы үлкен мұғалімдер "Жастар істесін” деп бізге сілтейді"
Алматылық мұғалім Алинаның айтуынша, мектепте жасына қарай бөлу болмағанымен, сабақтан тыс шаруалар жастардың мойнына жүктеледі. Үлкен мұғалімдер де "Жас мамандар бар ғой, үлкен басымызбен біз істеп жүреміз бе?" дейтін көрінеді.
"Жасы ұлғайған мұғалімдермен жұмыс істеу қиын деп айта алмаймын. Бірақ қосымша жұмыстар болса үлкен мұғалімдер "жастар істесін" деп бізге қарай сілтей береді. Ең алғаш жұмысқа тұрғанда үлкен апайлардың жұмысын істеген кездеріміз болды. Кейде бізден үлкендер электронды журналға немесе сабақ беру тәсіліне байланысты сұрайды, жауап беріп, көмектесіп жібереміз. Жас маман деп бізді жұмсай салатын кездер жиі болып тұрады. Мысалы, бір әншінің концерті болса, бізді жұмсайды, содан біз мәжбүрлі түрде барамыз. Мұндай кезде үлкен мұғалімдерді емес, жастарды қатыстырып жібереді. Мысалы, 14 наурызда қала әкімдігінде үлкен концерт болған. Соған "Мен үшін барып, белгіленіп, фотоға түсіп кетші" деп өтініш айтады. Ал мен ол кезде басқа жұмыстарыммен жүрмін ба, қолым бос па, алаңдамайды", - деп наразылығын жеткізді ол.
"Үлкен буын жастардың көзқарасын бағаламайды"
Алина жасы ұлғайған мұғалімдер дәстүрлі сабақ беру жүйесінен ауысқысы келмейтінін айтып отыр. Оған қоса тәжірибесі көп мұғалімдер жаңадан келген жастарды өздерінше бағалайды екен.
"Үлкен мұғалімдердің көзқарасы ескі. Бәрі сабақты дәстүрлі түрде өтіп үйреніп қалған. Қазір сабақта басқа методикалар қолданылады, түрлі тәсілдер қолданады. Балаларды тек отырғызып қоймай, сабақты ойын арқылы түсіндіреді. Бірақ мұны жасы ұлғайған мұғалімдер жақтыра бермейді. "Бұл не үшін керек" деп, бұрынғы үйреншікті тәсілді қолданады. Сонымен қатар үлкен мұғалімдер бізге "Жастар дұрыс түсіндіре алмайды, жақсылап жеткізе алмайды" деген көзқараспен қарайтынын байқап қалдым", - дейді Алина.
Мұғалімнің сөзінше, жас мамандар мектеп әкімшілігінің, оқу ісі жөніндегі орынбасар мен директордың тапсырмасын жиірек орындайды. Концертке билет сатып алуға, оған баруға және мектептегі көп шараларға ақша жинауға мәжбүр.
"Сабақтарын беріп қана кетеді"
Тағы бір мектеп мұғалімі үлкен буын қосымша шаруаларға араласпағаннан, бүкіл жұмыс жастарға жүктеледі дейді. Ол мұндай әділетсіздіктен күйініп үнсіз тыншып жүргенін айтты.
"Биыл сыныптар саны көбейді, бірақ мүлде класс алмайтын мұғалімдер бар. Кейбір әріптестер сабақтарын беріп қана кетеді, қосымша жұмыстарға араласпайды. Ал декреттен шыққан мұғалімдерге жеңілдік жасалып, жауапкершіліктің басым бөлігі бірнеше мұғалімге ғана түсіп отыр. Соның салдарынан жұмыс біркелкі бөлінбей, кейбірімізге артық жүк жүктелді. Егер міндеттер барлығына әділ бөлінсе, әріптестер арасында да, жалпы ұжымда да үйлесімділік пен әділдік сақталар еді", - деп пікір білдірді жас маман.
"Қаншама мұғалім балаларына, жас туыстарына, оқушыларына жүгініп жүр"
Жас мұғалімнің сөзінше, үлкен буын электронды жұмыстарды тек басқалардың көмегімен орындап жүр.
"Бәрі әр мұғалімнің өзіне байланысты. Кейбір жасы үлкендер бізден қалыспайды, бәрін жасап жүреді. Дегенмен үлкен кісілер көбіне компьютермен есеп, журнал толтыру немесе сондай электронды нәрселерді істей алмай, жастарға істеп берші деп жалынады. Біз сұраған соң істеп береміз. Біз істемесек те, қаншама мұғалім балаларына, жас туыстарына, оқушыларына жүгініп жүр. Мен әркез өтінішін орындап жүргім келмейді. Бірақ үлкен кісі болған соң әрі рақметін білдірсе, көмектесемін", – дейді жоғары сыныптарға беретін мұғалім Жібек.
"Жастардың энергиясы мен аға буынның тәжірибесі бірдей керек"
Ал жас мұғалім Айдана Жүністің айтуынша, министрдің мұғалімдердің жасы мен цифрлық бейімделуіне қатысты айтқан сөзін жан-жақты қарастыру қажет. Оның пікірінше, мәселе тек цифрлық сауатта емес, мектептегі функционалды міндеттердің дұрыс бөлінбеуінде де жатыр.
"Министрдің пікірінде негіз бар, бірақ мәселе тек цифрлық сауатта емес, функционалды міндеттердің дұрыс бөлінбеуінде жатыр. Жаңа идеялар мен жобалардың қозғаушы күші көбіне жас мамандар болады. Біз мектепке алғаш келгенде көзіміз жанып, кез келген өзгеріске дайын тұрамыз. Бір тәжірибемде мектеп директоры осы әлеуетімізді дұрыс пайдаланды. Ол тек жас мамандардан тұратын топ құрып, жаңа жобаны сеніп тапсырды. Нәтижесінде жастар оны өздері дөңгелетіп әкетті. Ал мұндай міндеттер аға буынға жүктелгенде, процес дәл сондай жылдам әрі креативті жүруі екіталай болуы мүмкін еді. Бұл жерде мәселе қабілетте емес, энергия мен тәуекелге баруға дайындықта", – дейді Айдана Жүніс.
"Цифрлық технологияларды игеруде қиналады"
Жас мұғалім жасы үлкен педагогтардың цифрлық жаңалықтарды игеруі кейде қиындық тудыратынын да жасырмайды. Оның айтуынша, мұндай жағдай жас мамандардың кәсіби қанағаттануына кері әсер етеді.
"Ашығын айту керек, жасы ұлғайған мұғалімдердің көбі цифрлық жаңалықтарды жастардың көмегінсіз игеруге қиналады. Сонымен қатар кейбір мектептерде жас мамандардың еңбегі көбіне техникалық жұмыстарға жұмсалады. "Есеп беру, презентация жасау, цифрлық платформалармен жұмыс істеу сияқты міндеттер жастарға жүктеледі. “Сендер жассыңдар ғой, қолдарыңнан келеді” деген желеумен жоғарыдан келген тапсырмаларды жастарға ысыра салу – жасы үлкен мамандар мен әкімшілік тарапынан жіберілетін немқұрайлылық", – дейді Айдана Жүніс.
"Бастауышқа тәжірибесі мол мұғалім керек"
Айдана Жүністің пікірінше, мұғалімнің жасы мен оқыту тиімділігі сынып деңгейіне де байланысты.
"Бастауыш сыныптарда тәжірибелі, жасы үлкен мұғалімдердің орны ерекше. Олар оқушылардың оқу, жазу, тәртіп сияқты базалық машықтарын қалыптастыруда өте шебер әрі стреске төзімді. Ал жас мұғалімдер бастауыштағы эмоциялық жүктемеге кейде төтеп бере алмай жатады. Ал жоғары сыныптарда жас мұғалімдер тиімдірек болуы мүмкін. Себебі оқушылардың қызығушылығы тез өзгереді, ал жастар олармен бір толқында бола алады. Жасы үлкен мұғалімдер кейде құрғақ теориямен шектеліп, интерактивті байланыс орнату сияқты жұмыстарды жастарға тапсырып қоятын жағдайлар да кездеседі.
"Шешім ретінде ассистенттік жүйе ұсынамын"
Жас мұғалім бұл мәселенің тиімді шешімі ретінде тәжірибе мен инновацияны біріктіруді ұсынады. Оның айтуынша, жекеменшік мектептердегі тәжірибе бұл тұрғыда үлгі бола алады.
"Тәжірибелі мұғалімнің жанында цифрлық технологияға жүйрік, креативті жас ассистент болса, бұл нағыз “алтын комбинация” болар еді. Аға буын өзінің әдістемелік мектебін береді, ал жастар оны заманауи форматқа бейімдеп, цифрландырады. Мұндай жүйе әсіресе бастауыш буында тиімді болуы мүмкін. Себебі дәл осы кезеңде оқушының білім негізі қаланып, тұлғалық фундаменті қалыптасады. Ал бұл жұмыс көп күш пен ресурсты талап етеді", – дейді Айдана Жүніс.
"Мұғалім болып шаршадым"
Дегенмен басқа жас мамандар мұғалімдік жұмысқа наразы. Сөздерінше жас мамандар сабақ беріп қана емес, мектептің басқа да жұмыстарын істеп шаршайды.
"Мен шаршадым. Шын айтайыншы, мұғалім болып шаршадым, шын сөзім. Кім мұғалімдікке түскісі келеді, сіздерге кеңес бермеймін. Басымнан неше түрлі жағдай өтеді. Жұмыс істейтін жеріңе комиссия немесе қонақтар келсе, жас педагогтарға шай құйдыртып қояды. Басында алдап-сулап, "көмектесіп жібер" дейді. Кейіннен мен бармайтын болдым. Шай құйғызып, тағы ыдыс жуғызады. Жас деп анда-мұнда жұмсайды. Барып кел, шауып кел. Енді мұғалім болмаспын", – дейді жас мұғалім.
Ата-аналар мұғалімдердің жасы туралы не дейді?
"Балаларыма 50 жастан аспаған мұғалім сабақ бергені дұрыс"
Бұл мәселеге қатысты ата-аналар да өз пікірін білдірді. Алматылық ана Бекзада баласына жасы үлкен мұғалімдер сабақ бергенін және сынып жетекшісі болғанын құптамаймын дейді. Сондықтан да оның ойынша, министрің сөзінің жаны бар. Ол мұны жасы ұлғайған мұғалімнің шаршайтынымен, жаңа тәсілдерге үйренісе алмайтынымен түсіндірді.
"Балаларымның мұғалімі 50 жастан аспағаны дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, қызымның мұғалімі 31 жаста. Жұмысына, бізбен қарым-қатынасына қанағаттанамын, ол әлі жас. Көзқарасы жаңа. Ал жасы 50-ден асса ол мұғалімге де, балаға да қиын болады. Мұғалімнің үйренген тәсілдері уақыт өте ескіреді. Сонымен қатар ол күнде шығып жатқан технологияларға ілесіп үлгермейді. Оған қоса мұғалім шаршайды. Оларға кішкентай баламен жұмыс істеу, олардың гипербелсенділігін, шулағанын көтеру қиындайды. Сондықтан 50 жасқа дейінгі мамандар болғанын қалаймын. Баламның мектептен жаңа көзқарастармен, жаңа технологияны, тілді меңгеріп, ілгері дамып шыққанын көргім келеді", – деп пікірін ашық білдірді алматылық ана Бекзада.
"Біразы басқа таңдау болмағасын мұғалімдікке келеді"
Астаналық ана Аиданың пікірінше, ұстаздық – жай ғана жұмыс емес, үлкен миссия. Алайда қазіргі кезде кейбір адамдар бұл салаға басқа таңдау болмағандықтан ғана келеді. Сол үшін де жасы ұлғайған мұғалімдер көп.
"Бұл мәселе әсіресе ауылдық жерлерде байқалады. Ауылда мектеп, аурухана немесе әкімдіктен басқа жұмыс орны жоқ. Сондықтан адамдар амалсыздан мұғалім болады. Осының салдарынан нағыз, сапалы мұғалімдер тапшылығы туындап отыр. Бұл мәселені түбірімен шешу үшін мектеп қабырғасынан бастап кәсіби бағдар беру (профориентация) жұмыстарын міндетті түрде енгізу қажет. Оқушы мектепте жүргенде-ақ болашақта кім болғысы келетінін нақты түсінуі керек. Сонда ол "басқа барар жер жоқ" деген амалсыздықтан емес, өз қалауымен мамандық таңдайды. Ал басқа таңдау болмағаннан мұғалімдікке келген адам балаға қандай білім береді? Ондай кезде мұғалім "Уақытым өтсе болды, зейнетке шықсам болды" деп жүреді", – дейді ана.
"Мен үшін құрғақ білімнен гөрі баланың әлеуметтенуі бірінші орында"
Оның айтуынша, мұғалімді жасына қарай емес, кәсіби біліктілігі мен баламен жұмыс істеу қабілетіне қарап бағалаған дұрыс. Аиданың сөзінше, қызына сабақ беретін мұғалім 32 жаста және оның жұмысына көңілі толады. Оның пікірінше, мұғалім оқу процесін жүйелі ұйымдастыра алады. Дегенмен ол бала мен мұғалім арасындағы жақсы қарым-қатынас та маңызды дейді.
"Қызымның өз мұғалімін жақсы көруі мен үшін өте маңызды. Мен үшін құрғақ білімнен гөрі баланың әлеуметтенуі бірінші орында тұрады. Қоғамға дұрыс бейімделіп, әлеуметтенуден сәтті өткен бала болашақта өз жолын міндетті түрде тауып алады. Адамның жасы – формалды көрсеткіш. Сондықтан педагогтарды жас немесе егде жастағы мұғалім деп бөлудің логикалық мәні жоқ. Біз қоғам ретінде мұғалімдерді жасына емес, талантына қарап бағалайтын деңгейге жетуіміз керек. Мен үшін сыртқы форма емес, ішкі мазмұн мен іс жүзіндегі тиімділік әлдеқайда маңызды", – дейді ол.
Ата-ананың сөзінше, мектептегі сапалы білім беру жүйесі және нағыз мұғалім мынадай үш негізге сүйенуге тиіс: психологиялық дайындық, блім беруді жақсы көру, кәсіби дағды.
"Мұғалімдердің цифрлық үлгерімі, компьютер мен технологияларды меңгеруіне келсек – бұл бар-жоғы ақпаратты жеткізу құралдары ғана. Оларды білгені жақсы, бірақ бұл ең басты немесе шешуші фактор емес. Ең басты құрал – адамның миы мен аналитикалық қабілеті. Мұғалімнің кез келген күрделі материалды құрылымдап, балаға қарапайым әрі түсінікті логикамен жеткізе білуі мен үшін кез келген технологиядан жоғары тұрады", – дейді Аида.
"Жасы үлкен мұғалім тереңірек түсінеді әрі түсіндіреді, дегенмен жаңа технологияны да білуі керек"
Тағы бір ата-ана Гүлжанат Үсенова да мұғалімнің жасы шешуші фактор емес екенін айтып отыр. Оның сөзінше, баласының мұғалімі шамамен 40 жаста және оның жұмысына көңілі толады.
"Ол кісі білімді, сауатты, балама да апайы ұнайды. Жасы келіп қалған апай-ағайлардың тәжірибесі мол. Оларды үздік ұстаз, тереңірек түсінетін әрі түсіндіретін маман деп ойлаймын. Ал жас мамандардың да өз жұмысына жауапкершілігі өте жоғары. Маған қай жаста болса да білікті маман болса болды. Олар да қазіргі технологияны, компьютерді жақсы меңгереді, жұмысын жақсы орындайды деп сенемін. Жасы ұлғайған мұғалімдер де заманауи технология мен тәсілдерді білуі керек. Себебі олар жаңа заманның ұрпақтарын оқытып жүр. Сондықтан мен үшін мұғалімнің жасы емес, білімі, қабілеті маңыздырақ", – дейді ата-ана.
Ата-аналардың айтуынша, мұғалімнің кәсіби деңгейі мен баламен жұмыс істеу қабілеті оның жасынан маңызды. Дегенмен технологияны да білгені жөн.
Жасы үлкен мұғалімдер өздері туралы сөзге пікір білдірді
"Жасы ұлғайған педагогтардың қызметі мен тәжірибесін ескерсін"
Осы пікірді естіген мұғалімдер редакциямызға өз ойын бөлісті. 35 жылдық тәжірибесі бар мұғалім Гүлмира Таймасова бұл мәселені біржақты қарастыруға болмайды деп есептейді. Оның айтуынша, жасы ұлғайған педагогтардың қызметі мен тәжірибесін ескерген жөн. Маман қазір мұғалім мамандығына келетін жастардың сапасына алаңдайды.
"Біріншіден, бізге балалармен 61 жасқа дейін жұмыс істеу қиын. Екіншіден, министрлік қай мағынада айтқаны түсініксіз. Негізі білімнің бәрі жасы ұлғайған мұғалімдерде жатыр. Жасы келген мұғалімдер кеткеннен кейін білім сапасы қазіргіден де түсіп кетеді. ҰБТ-дан ең төмен балды алған бала “Балым осыған жетеді” деп мұғалімдікке келіп отыр. Соның бәрі мұғалімдердің жалпы сапасын төмендетіп тұр деп ойлаймын. Педагог мұғалім мамандығына түсу талаптарын күшейту керек. Медицина саласындағы сияқты жоғары талаптар білім беру саласына да қойылуға тиіс", – дейді ол.
Мұғалім әсіресе бастауыш сыныпқа білікті мамандарды іріктеу маңызды екенін атап өтті. Себебі бастауыш білім – бүкіл оқу жүйесінің негізі.
"61-63 жасқа дейін жұмыс істеудің орнына 55 жасқа дейін деп енгізсе орынды болар еді"
Тәжірибелі ұстаздың айтуынша, мұғалімдердің жас ерекшелігі де ескерілуі керек. Ол 61-63 жасқа дейін жұмыс істеудің орнына 55 жасқа дейін шектеу енгізу орынды болуы мүмкін деп санайды.
Сонымен қатар ол жастар мен тәжірибелі мұғалімдердің бір-біріне көмектесуі маңызды екенін атап өтті.
"Цифрлық құралдарды пайдаланғанда жастарға жүгінеміз, көмек аламыз. Ал жастар бізден дәстүрлі білім бойынша кеңес алады. Жастар мен тәжірибелі мамандарды бөліп қарауға қарсымын. Жалпы білім жүйесі бір қалыпқа түссе, жастар мен тәжірибелі мамандарды бөліп қарауға қарсымын. Тәжірибелі мұғалімдер бәрібір маманданып қалады, яғни дамиды, түрлі әдістерді меңгереді", – деп түйіндеді ол.
"Мұғалімдерді 58 жасынан зейнетке шығарғаны дұрыс"
Көпжылдық тәжірибесі бар мұғалімдердің тағы бірі зейнет жас мәселесін қайта қарастыруды қолдады. Оның айтуынша, мұғалімдер үшін зейнет жасты 58 жас деңгейінде белгілеу орынды болар еді.
"Қазіргі ХХІ ғасырдың жас ұрпағын тәрбиелеуде жасы ұлғайған мұғалімдердің көзқарасы басқаша. Дамыған елдерде мұғалімдер жаңа технологияны жетік меңгеруі керек. Ал біз сол жағынан кішкене ақсаймыз. Есте сақтау қабілетіміз істен шыға бастайды. Менің пікірім – мұғалімдерді 58 жасынан зейнетке шығарғаны дұрыс. Денсаулық та сол жастан кейін сыр бере бастайды. Дегенмен, екінші жағынан жоғарғы оқу орындары сапалы жас мамандарды дайындауы керек. Себебі қазіргі жас мамандар методика жағынан әлсіз", – деп пікір білдірді мұғалім.
Қазақстандағы 80 000 мұғалімнің тәжірибесі 20 жылдан асады
Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, 2025 жылғы көрсеткішке са, Қазақстанда жалпы 600 мыңға жуық педагог жұмыс істесе, оның ішінде ең көбі – мектеп мұғалімдері. Қазақстан мектептерінде 400 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Соның ішінде 76 364 ер мұғалім болса, 331 638 әйелдер.
Еңбек өтіліне тоқталсақ:
- 13 916 мұғалімнің тәжірибесі 10 жылға дейін.
- 120 433 ұстаздың өтілі 10 жылдан 20 жылға дейін.
- Ал 80 753 мұғалім 20 жылдан астам уақыттан бері сабақ беріп келеді.
- 73 900 мұғалім 30 жылдан артық еңбек етіп келеді.
Педагогтардың айтарлықтай бөлігінің еңбек өтілі 10 жылдан асады.
"Тапсырыс жоқ, қарыз көбейді": Қазақстандық кәсіпкердің жаңа салық реформасының кесірінен бизнесі шығынға батқан