Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Биыл запастағы офицерлерді әскери қызметке қабылдау қалай жүргізілетіні айтылды

Ішкі істер министрі биыл запастағы офицерлерді қабылдау қалай өтетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Биыл сұранысқа медициналық, авиация, инженерлік, артиллерия, радиотехника, оқу-идеологиялық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, әскери көлік, ақпарат және барлау мамандықтары бойынша шақыртулар болады.

Әскерге денсаулығы және қажет әскери мамандығы бар, әскери қызметке жарамды 29 жасқа дейінгі (медициналық қызметтердің запастағы офицерлері үшін – 32 жасқа дейін) азаматтар жіберіледі. Әскери борышын өтеген офицерлер әскерге шақырудан босатылады.

Үкімет қаулысына сәйкес 2024 жылы:

  • Қарулы күштерде – 600 запастағы офицер;
  • Шекара қызметіне – 80;
  • Ұлттық ұланға – 42;
  • Төтенше жағдайлар министрлігінде – 30.


"Бірқатар жағдайда запастағы офицерлерді мерзімді әскери қызметке шақыру жинақтаудың аумақтық принципі ескеріле отырып жүзеге асады. Әскерге шақырылған офицерлер әскери қызметін әскери есепте тұрған немесе тұрақты мекенжайы бойынша өтейді. Әскерге шақыруға мүдделі үміткерлер мен жұмыссыз запастағы офицерлерге басымдық беріледі. Әскери қызметке запастағы офицерлер санын көбейту Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға және әскери мамандығы бойынша әскери даярланған резервті жинақтауға бағытталған", – деді министрлік.

Заңға сәйкес запастағы офицерлердің әлеуметтік қамтамасыз етілу деңгейі келісімшарт бойынша офицерлермен тең. Әскери қызмет өткеру кезеңінде офицерлер толық ақшалай жәрдемақымен, тұрғын үй төлемдерімен, киім-кешекпен, тамақпен, медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда запастағы офицерлер екі жылдық әскери қызметке шақырылатыны туралы жазған едік. 

Талқылау