Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Биыл білім гранты конкурсына өтініш қабылдау 13 шілдеде басталады

Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша талапкерлерден грантқа құжат қабылдау 13 шілдеде басталатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

Өтініш 13-20 шілде аралығында қабылданады.

“Талапкерлер өтінішін EGov арқылы онлайн форматта немесе ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта тапсыра алады. Құжаттарды қабылдау кез келген ЖОО (орналасқан жері бойынша) арқылы жүзеге асыруға болады. Шалғай өңірлерден келген талапкерлерге ыңғайлы болу үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейді. Олар бейнебайланыс арқылы кеңес береді және конкурсқа құжаттарды тапсыруға көмектеседі. Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ең төменгі ұпайлар ұлттық тестілеу орталығының сайтында жазылған”, – деді ғылым және жоғары білім министрлігінің Қазақпаратқа берген жауабында.

Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға құжаттарды электронды түрде тапсыру үшін талапкерлерге мына құжаттар қажет:

  1. Жеке куәлік;
  2. ҰБТ сертификаты;
  3. 3×4 көлеміндегі фото;
  4. Орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом);
  5. № 075/у нысанындағы медициналық анықтама және № 063/у нысанындағы профилактикалық екпелер картасы;
  6. Ер жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігі;
  7. Жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар.

Еске салайық, ғылым және жоғары білім министрлігі кешенді тестілеуді өткізу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін жаздық. Кешенді тестілеу қағаз немесе электронды форматта ППКТ негізінде немесе ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын ұйымдарда өтеді.

Талқылау