Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бибісара Асаубаева Қазақстанда емес, Ресейде тұрып жатқанының себебін түсіндірді

Шахматтан әлем чемпионы, 18 жасар қазақстандық Бибісара Асаубаева тұрғылықты жері туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Шахматшы өзіне көп қойылатын сұрақтарға жауап беріп, не себепті Ресейде тұрып жатқанын түсіндірді.

"Неліктен Мәскеуде тұрып жатқаным туралы көп сұрақтар қойылады. Мен Қазақстан атынан өнер көрсетемін, бірақ жаттықтырушыларым Ресейден болғандықтан Мәскеуде жаттығамын", –  деді Бибісара.

Асаубаева сонымен қатар алдағы уақытта қайда тұрақтап қалатынын нақты білмейтінін жеткізді.

"Жоспарлар орасан зор. Барлығы оңынан болады деп үміттенемін. Қай елде тұратынымды нақты білмеймін, қазір әлемде барлығы тұрақты емес. Бастысы, жаныма жақын адамдардың қасымда болғаны", – деді спортшы қыз.

Айта кетейік, Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) Бибісара Асаубаеваны 2021 жылдың қорытындысы бойынша әйелдер арасындағы Азияның үздік шахматшысы деп таныған еді.



Бибісара Асаубаева  Қазақстан тарихында ересектер арасындағы әлем чемпионаттарында алтын алған алғашқы шахматшы. Ол сондай-ақ әлем шахматы тарихындағы ең жас әлем чемпионы. 

Сондай-ақ жақында Үндістанда өткен Дүниежүзілік Шахмат олимпиадасында өнер көрсеткен Қазақстанның әйелдер құрамасы 5-орынмен аяқтаған. Әйелдер құрамасы Үндістанның үшінші командасын жеңген. Ал жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Украина құрамасы иеленді. Олимпиадаға барлығы 162 команда қатысқан. 

Қазақстан ерлер құрамасы 188 команданың ішінде 17-орынды иеленді. 

Жансая Әбдімәлік бірінші тақта нәтижесі бойынша қола медаль иеленді. Ал екінші тақтада ойнаған Бибісара Асаубаева төртінші орынға тұрақтады. 

Осы жарыстың ашылу салтанатында Қазақстан құрамасы еліміздің туын ұстап шыға алмаған. Бұл туралы айтқан шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова Шахмат федерациясын жауапсыздық танытты деп айыптаған еді.

Таңжарықованың айтуынша, Олимпиаданың ашылу салтанатының соңында 186 ұлттық құрама туын көтеріп, шерулеткен. Тек Қазақстан құрамасы тусыз қалған.

Қазақстан Шахмат федерациясы қазақстандық спортшылардың тусыз шығу себебін бұған дейін өткен Олимпиадада спортшылардың шеруі дайындықтан өтпегенімен түсіндірген. Ереже бойынша көк байрақ қатысушыларды марапаттау кезінде олимпиаданың жабылу салтанатында ғана қажет болады.

Талқылау