Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бейтаныс адамдар көмектесті": Алматылықтар тәртіпсіздіктер кезінде үйлерін қалай қорғағаны туралы айтып берді

Алматылықтар тәртіпсіздіктер салдарын толығымен қалпына келтірмеген. Себебі әкімшілік ғимараттардан бөлек, тұрғын үйлер де отқа оранған. Оларға пәтерлерін ұрылардан қорғап, өртті де өз күштерімен ауыздықтауға тура келген. Қазір сондай көпқабатты үйлердің бірінде жөндеу жұмысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

тұрғындар

Нина Сердюк пәтерінің терезесі арқылы әкімдікке жасалған шабуыл мен қалай отқа орнағанының куәгері болған. Пәтер ұрылар тонаған мейрамхананың үстінде орналасқан. Олар терезелерді сындырып, нысанды өртеп кеткен. Ал түтін жоғарғы қабаттарға көтерілген. 

"Біраз уақыттан соң пәтерім қою түтінге тола бастады. Ұлым екеуміз төменге түскенде көршілерім де жиналып жатыр екен. Барлығы шыға бастады. Үйім қап-қараңғы, демалу мүмкін болмады. Өртеніп кетуіміз мүмкін екенін түсіндім. Заттарымды шығара бастадым", – дейді қала тұрғыны Нина Сердюк.

Өзге тұрғындар өрт сөндіру қызметіне хабарласқан, бірақ бұдан пайда болмапты. Өрт сөндірушілер көлігін бұзақылар ұрлап кеткен. Амалы қалмаған тұрғындар өртпен өздері күрескен. Кейін митингке қатысқан бейбіт тұрғындар келіп көмектесіпті. 

"Аула сыпырушы есікті темір кесетін құралмен ашты. Кейін газтұтқыштың қажет екенін айтты. Өйткені улы түтін шыға бастады. Себебі пластик жанған. Өрт қатты болмаса да, түтін қоюлана түсті. Бізге бейтаныс жандар да келіп көмектесті. Митингке шыққандар болу керек, танымаймын. Газтұтқыш бірден табылды. Кофериумнан күзетші Нұржан өз өрт сөндіргіштерін алып келді. Содан кейін олар төменге түсті. Бағымызға орай үй аман қалды", – дейді тұрғын Мансия Жұмақанова. 

Барлығы тынышталған соң тұрғындар оқ тиген 44 терезені анықтаған. Қазір оларды алмастыруға әкімдік көмектесіп жатыр. Шенеуніктердің сөзінше, тәртіпсіздіктер салдарынан 57 пәтер зақымдалған. Ондағы жөндеу жұмыстарын апта соңына дейін аяқтауға уәде берді.   

Айта кетейік, бұған дейін алматылықтардың банктен шыққан өртті өздері сөндіргені жайлы хабарлаған едік

Талқылау