"Бейнежазбаны танымал парақшаларға шығартқан": Қонаев қаласында зорлады деп күдіктелген ер адамның туыстары жәбірленушіні бопсалап жүр
Қонаев қаласында жәбірленген әйелді зорлықшының туыстары аңдып, бопсалап жүр деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы қоғам белсендісі, NeМолчи.kz қорының басшысы Дина Таңсәрі жариялады.
Қыркүйек айында Қонаев қаласының 37 жастағы тұрғыны үй жинауға екі клининг қызметкерін бөлек-бөлек шақырған. Оларды ұрып-соғып, біреуіне жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен. Екіншісін де зорламақ болған. Синтетикалық есірткіге мас ер адам есікті кілттеп, әйелге қастандық қылып, оны бейнежазбаға түсірген.
Қоғам белсендісінің айтуынша, сол бейнежазбамен қылмыскердің туыстары әйелдердің бірін бопсалауда.
Зорлықшының інісі мен әпкесі әйелге арызынан бас тартпаса, бейнежазбаны танымал парақшалар мен блогерлердің парақшасына жариялайтынын айтқан.
Психологиялық қысымға ұшыраған жәбірленушінің ұлы бар. Ол екі рет өзіне қол жұмсамақ болғанын айтады.
“Келіншек облыстың барлық прокурорларымен кездесті, қабылдауларда болды, барлығы шара қолдануға уәде бергенімен, ешандай нәтиже жоқ. Келіншек мекенжайын да, телефон нөмірін де ауыстырды, бірақ оның жеке деректерін қарсы тарап тауып ала береді. Әйел агрессормен кездескісі келмейді, өйткені ол үшін бұл психологиялық соққы болды. Соған қарамастан әйелге сот залына жеке қатысуын талап етеді. Қазіргі таңда онлайн режимде қатысуға болады ғой! Қылмыстық істің материалдары сотталушының туыстарында жүр, осылай әйелдің жеке деректерін алып жүр”, – деді Дина Тәңсәрі.
Бопсалап жүргендер бейнежазбаға монтаж жасап, әйелді масқараламақ болған. Зәбір көрген клининг қызметкері SMS-хат скриндарын NeМолчи қорына берді.
“Ұрып-соққан, қорқытқан, балағат сөздер айтқан жерлерін, әйелдің жылағанын алып тастап, екеуі бұл әрекетке өз еріктерімен барғандай етіп көрсеткісі келген. Тіпті ақшасына осы бейнежазбаны блогерлерге шығартқан”, –деп жазды белсенді.