"Бейбіт шеруге тыйым салынбайды": Тоқаев Қазақстанда биліктің әрекетіне келіспеушілік білдіруге толық мүмкіндік бар екенін айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде азаматтардың биліктің іс-әрекетіне жария түрде келіспеушілік білдіруіне толық мүмкіндік бар деді. Бұл туралы ол Егемен Қазақстан басылымына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Азаматтар өзін толғандыратын мәселе туралы ашық айта алады. Мен мемлекеттік органдардан "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына сәйкес, қоғамның пікірімен санасуды талап етіп келемін. Елімізде бейбіт жиналыстарды реттейтін демократиялық сипаттағы заң бар. Жақында петицияларды тапсыру және қарау тәртібін реттейтін заң қабылданды”, – деді Тоқаев сұхбатында.
Бейбіт шеруге тыйым салынбайтынын айтқан президент жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылатынын ескертеді.
“Елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруға тиіс. Бұл – мен үшін мызғымас қағида. Демократияның бесігі саналатын батыс елдеріне қараңыздар, ешкім де көшеде жаппай тәртіпсіздік жасаған, мемлекеттік органдарға шабуылдаған адамның маңдайынан сипап, өбектеп отырмайды”, – дейді ол.
- "Біз Ресейге емес, ҰҚШҰ ұйымына жүгіндік": Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде ресейлік әскерилерді шақыру қаншалықты дұрыс шешім болғанын түсіндірді
- "Салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ": Қазақстан президенті Қаңтар оқиғасын халық көтерілісі деп санамайтынын айтты
Президент Қаңтар оқиғасы кезінде полиция жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларды, биліктің заңды талаптарына қарсы шығуға үндеген, қару-жарақ әкеліп таратқан, жағдайды ушықтырып, адамдарды күш қолдануға, маңайдағының бәрін қиратуға, өртеп-талқандауға азғырған адамдарды анықтап, әшкерелегенін түсіндіреді. Ал “тәртіпсіздікке кездейсоқ қатысқан, білместікпен арандап қалған адамдардың бұзақыларға қатысы жоқ” екенін баса айтқан Тоқаев оларға мемлекет рақымшылық жасағанын айтады.
“Бұған дейін сотталған 1205 адамның 1095-і осы рақымшылыққа ілікті. Ал жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар мен лаңкестік әрекеті, мемлекетке сатқындығы, билікті күшпен басып алуға тырысқаны және басқа да ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар жазасын толығымен өтейтін болады”, – деді Қазақстан президенті.