Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бес жылға сотталған Ислам Әбішев бостандыққа шықты

Пара алды деген айыппен бес жылға сотталған Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің экс-төрағасы Ислам Әбішев бір жарым жылдан кейін шартты түрде бостандыққа шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл ақпаратты Әбішевтің қорғаушысы Ерлан Макенов растады. 

“Бүгін аппеляциялық санкция Байқоңыр сотының қаулысының күшін жойды. Ислам Әбішовтың өтінішін қанағаттандырды. Ол шартты түрде босатылды. Бір жыл алты ай бойы, айына екі рет құзырлы органдарға барып белгіленіп отыратын болады”, – дейді Макенов.

Сонымен қатар қорғаушы Ислам Әбішевтің заңды түрде босатылғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, шартты түрде бостандыққа шығуға Әбішевтің 63 жастан асқандығы да әсер еткен. 

“2020 жылы 29 желтоқсанда шыққан заңның 72-бабына шартты түрде бостандық беруді алып тастау туралы бөлік қосылды. Қазіргі таңда бізде бұл тақырыпқа қатысты талас-тартыс болып жатыр. Алайда бұл баптың 8 тармағы бойынша ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған 63 жастан асқан азаматтарды шартты түрде жазадан босату қарастырылған. Сот Ислам Әбішевтің жасы 65-те екенін назарға ала отырып, өтінішімізді қанағаттандырды”, – дейді Макенов. 

Оған қоса, Әбішевтің босап шыққаны туралы адвокат Абзал Құспан да жазба қалдырып, сүйінші сұрады. Және Абзал Құспан Әбішовтің қазіргі таңда ауруханада жатқанын айтты. 

“Бұл мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығару бойынша жасаған төртінші әрекетіміз еді. Апелляциялық алқаның қаулысы жарияланған сәттен бастап күшіне енеді. Яғни Ислам Әбішев қазіргі сәттен бастап ресми түрде бостандыққа шықты. 65 жастағы Ислам Әбішев 31 мамыр күні колониядан ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Ол әлі де ауруханада, оған пневмония деген диагноз қойылды. Ислам Әбішевке телефон соғып хабарластым. Ол: “Емдеу курсы тағайындалғандықтан, ауруханада жата тұрамын” деді. Қазір ем алып жатыр”, – дейді Абзал Құспан. 

Еске салсақ, Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішев бес жылға түрмеге жабылған. Сондай-ақ экс-шенеунікпен бірге оның сыбайласы – Дүниежүзілік “Қазақ күресі” федерациясының бұрынғы вице-президенті де төрт жылға абақтыға қамалды.

Талқылау