Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүрегі кең, көзі ашық жан еді": Берік Исмаилов туралы отандық жұлдыздар естеліктерімен бөлісті

Күні кеше танымал қазақстандық киім дизайнері Берік Исмаилов дүниеден өтті. Дизайнер еліміздегі мүйізі қарағайдай өнер жұлдыздарының сахналық киімін дайындап беретін. Stan.kz тілішісі отандық бірқатар жұлдыздарға хабарласып Берік Исмаилов жайлы естеліктерін сұрап білді. 

берік исмаилов

Халық әртісі Роза Рымбаева досымның қазасы қабырғама қатты батты деп отыр. Берік орны ерекше тұлға еді деп есіне алды әнші. 

"Бүгін Берік Исмаилов досымнан айрылып қалдым. Қазақстанда Берікті білмейтін жұлдыз жоқ шығар. Қазақ өнеріндегі қыз-жігіттер, ансамбльдер, өнер қайраткерлері барлығы міндетті түрде Берікке барып, қолдау тауып, көмек алып, қаншама жақсы-жақсы киімдер тіктіріп сахнаға шыққан едік. Соның бірі - менмін. Туысқандай болып кеткен едік. Жүрегі кең, көзі ашық жан еді. Өнер адамдарын өз адамым деп санайтын. Киім тігу, әдемі дүние жасау - үлкен өнер. Екінің бірінің қолынан келмейтін өнер. Бүкіл өнер адамдары маған көңіл айтып жатыр. Барлығымыз үлкен қайғыдамыз. Ол кеткенімен, әрине, өнер жалғаса береді, бірақ Беріктің орны ерекше", - деген Роза Қуанышқызы Исмаиловтың еліміздегі алдыңғықатарлы дизайнер екенін баса айтты.  

"Ол еліміздегі бірінші модельерлердің бірі. Үлкен талғам мен шынайы махаббатыменен киім тігетін. Өзінің жүрегі жұмсақ, қолы ашық азамат еді. Барлығымызға туған бауырымыздай болып кеткен. Бүгін өнер адамдары қайғырып жатыр. Мен де үлкен қайғыдамын, үлкен досымнан айырылдым. Беріктің әруағы баршамызды қолдасын. Бала-шағасына, туған-туыстарына, достарына, әріптестеріме қайғырып көңіл айтамын", - дейді Роза Қуанышқызы. 

берік исмаилов

Көз көрген достарының ішінде әнші Бағдат Сәмединова да бар. Беріктің қазасы жүрегіме ауыр тиді деген ол досының талай жомарттығы мен жақсылығы өткен еді дейді. 

"Аңқылдаған керемет адам еді. Қазасын естіп жүрегім ауырып отыр. Қандай керемет кісі еді. Беріктің жұмысына қашан келсең де жайраңдап қарсы алатын. Көйлектеріме матаны осы Беріктен алатынмын. Себебі сапасы жақсы, Италиядан, тағы басқа қолы жеткен жерлерден алдыратын. Көмегі керек болып бара қалсаң ештеңесін аямайтын. "Мынаны ала салшы" деп қолындағы барын қыстырып жіберетін. Сондай жомарт, қолы ашық жан еді. Сыйластыққа өте жақсы адам еді. Соңғы жылдары мен елорадаға көшіп кетіп, көп араласа алмадық", - дейді Сәмединова. 

"Көңілі айқара ашық еді. Оның алдында анасы қайтыс болып көңіл айтам-ау деп жүргенде досымнан да айырылып қалдым. Қашан көрсең, екі өкпесін қолына алып асығып жүретін, асығып сөйлейтін", - деген ол дизайнердің отбасына қайғыра көңіл айтады. Әріптесінің сөзіне сенсек, Берік Исмаиловтың ауруға жүрегі шыдамаса керек-ті. 

"Алла алдынан жарылқасын. Бала-шағасының қызығын айтып таусалмай отырушы еді. Жүрегі ауыратын. Ота жасатып, аман қалған. Вирустың оңбағандығы сол бұрын ауыр дерті бар адамға жұқса, жағдайын қиындатады. Жүрегі шыдамады-ау", - дейді ол. 

Танымал дизайнермен етене жақын араласқан отандық жұлдыздардың бірі - Меруерт Түсіпбаева. Досы туралы естелік сұрағанымызда қазасына сенбей көзіне жас алып қалды. 

берік исмаилов

"Берік туралы өткен шақта сөйлеу мен үшін өте қиын... Ол кісі ешкімге ұқсамайтын ерекше адам еді. Берік 40 жасқа толғанда танысқан едік. 58 жасында дүниеден озды. Он сегіз жылдан бері таныспыз. Ол кезде үйім Беріктің ательесіне жақын еді. Өзім жаңадан шығып жатқан әншімін. Дүкеніне мата сатып алғым келіп барып едім, сол жердегі қызметкер қыздар танып жатты. Сонда Берік аға шығып, "жақында туған күнім, келіп ән айтасың ба" деп сұрады. Содан бері жақын араласамыз. Осы уақытқа дейін маған 100 киім тіккен шығар", - деп өткенін есіне алған әнші досының мінезі жайлы біраз сыр шертті. 

"Тез шешім қабылдайтын, өте жеңіл кісі болатын. Берік осыдан екі жыл бұрын жүрегіне ота жасатқан. Содан кейін кішкене дамыл табатын шығар деп ойладым. Бірақ ол кісі өте еңбекқор еді. Астанада, Алматыда дүкені бар, алыс-жақын шет елден ең қымбат, ең сапалы, бренд маталарды алып келетін. Dolce & Gabbana, Cavalli сынды т.б. әлемдік дизайнерлік орталықтармен келісімшарты бар еді. Осындай жасында бір дамыл таппайды, өте позитивті адам еді. Ол кісі маған үнемі мотивация беріп отыратын", - деген Түсіпбаева досының адамдарды ерекше құрметтегенін айтты. 

"Берік адамдарды сүйді. Ол көпшіл болды. Бай, кедей деп бөлмейтін. Еліміздің сен тұр, мен атайын деген жұлдыздарымен жұмыс істеді. Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева, Баян Алагөзова деген сынды көптеген азулы жұлдыздардың көңілінен шығып, барлығының бабын тауып, бір уақытта кездеспейтіндей етіп жағдай жасап жүретін. Жақын досым "қанша қарыз сұрасам да миллиондап бере салушы еді" деп есіне алып жатыр. Берікті есіме алсам от бірге есіме түседі. Жанып тұрған от еді. Ішкі мәдениеті, қуаты мықты адам еді. Отадан кейін демалғанда жақсы болып кетер ма еді деп те ойлайсың. Содан кейін қай уакытта, қандай мәселемен  барсаң да неге ертерек келмедің деп айтпайтын. Дереу іске кірісіп, екі күнде киіндіріп шығатын. Ол адамдарды шексіз жақсы көрді және адамдар да оны жақсы көрді", - деп есіне алды Меруерт Түсіпбаева. 

Stan.kz ұжымы қаза болған Берік Исмаиловтың отбасына қайғырып көңіл айтамыз!

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау