"Бензин құйып, өртеп жіберген": Қапшағайда жоғалып кетіп, кейін мәйіті табылған қыздың ата-анасы әділдік сұрайды
Мамыр айының соңында жоғалып кетіп, кейін өртенген жансыз денесі табылған 17 жастағы алматылық Екатерина Ермилованың ата-анасы қызын аяусыз өлтіргендер жазадан сытылып кетеді ме қауіптенеді. Қыршын кеткен жасөспірім қыздың туыстары арасында мұндай қорқыныш тергеу барысы туралы толық ақпараттың жоқтығынан туындаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Екатерина Ермилова 23 мамырдан 24 мамырға қараған түні Алматының Алмалы ауданында белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Біраз уақыт қыздың туыстары оны өз бетімен іздемек болған. Іздеу жұмыстары нәтиже бермеген соң полицияға хабар берген. Сонымен қатар жоғалған қызды іздеу жұмыстарына еріктілер қосылған.
Дәл сол еріктілер 1 маусымда Екатерина Ермилованың өртенген денесін табады. Осы оқиғадан бір күн өткеннен кейін Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі жасөспірімнің қайғылы өліміне түсініктеме бере отырып, "оның жоғалып кетуіне қатысы болуы мүмкін адамдар" тобының құрылғанын хабарлады. Олар 1992 жылы туған К. Және 2001 жылы туған Б. есімді Алматы облысының тұрғындары. Сондай-ақ, қыздың күдіктілермен жоғалған күні танысқаны айтылған.
"Жедел іздестіру және іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер кісі өлтіргенін мойындап, Қапшағай су қоймасынан алыс емес жерде оның денесінің көмілген жерін көрсетті. Қылмыстың ізін жасырмақ болған күдіктілер қыздың денесін өртеп жіберген", - деп мәлімдеді Алматы полициясы.
Қайтыс болған қыздың анасының айтуынша, 2 маусымда болған мәйіттің тұлғасы анықталғаннан бері отбасына тергеу барысы туралы іс жүзінде ешқандай ақпарат берілмеген.
- Қазақстандық әйел өзін мас деп ойлаған дәрігерлердің кесірінен көз жұмды: Ол көшеде инсульт алып құлаған
- Солтүстік Қазақстан облысында ер адам 9 жастағы баланың мойнына арқан тағып, ағашқа байлап қойған
Қаза тапқан қыздың анасы қылмыстық іс тоқтап, қызының өліміне кінәлі адамдар жазасыз қала ма деп қауіптеніп, "NeMolchi.KZ" қозғалысының жетекшісі Дина Таңсәріден көмек сұраған.
"Осы жылдың 24 мамырында Алматы қаласында кәмелетке толмаған қызымды 1992 және 2001 жылғы екі жігіт өлтіріп кетті. Қызым олардың такси деп ойлаған көлігіне мініп, жоғалып кетті", - дейді қыздың анасы.
Анасының айтуынша, оның отбасы сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен әлі таныс емес.
"Нақты сараптама жасалмаған, бірақ қызымды тұншықтырып өлтірген. Содан кейін мәйітті Қапшағай су қоймасына апарып, оған бензин құйып, өртеп, кейін денесін көміп тастаған", - деп жалғады әйел.
Екатеринаның мәйіті данылып, кейін жерленгендіктен, тергеудің қалай жүріп жатқаны туралы отбасында мәлімет жоқ.
"Сондай-ақ, сараптамаға қатысты да ақпарат жоқ. Қылмыскердің аты-жөнін де атамайды. Біз тергеушіге де хабарласа алмай отырмыз, себебі ол телефон тұтқасын алмайды. Біз олардың ақшаның күшімен бостандыққа шығып кете ме деп қорқамыз. Көмек сұрауымның мақсаты да осы", - деп түйіндеді марқұм қыздың анасы.
Дина Смаилованың жазбасының астына пікір қалдырған Алматы қалалық полиция басқармасының басшысы Рүстем Әбдірахмановтың айтуынша, іс аумақтық болғандықтан Алматы облысы бойынша аудандық бөлімшеге жіберілген. Бұл ретте Әбдірахманов оңтүстік полицейлердің істі ашқанын атап өтті.
"Күдіктілердің бірі не ҰҚК, не Шекара қызметінің белсенді қызметкері екені белгілі болғандықтан, іс әскери тергеу бөліміне берілді. Сондықтан бұл іске қатысты ҚР Қарулы күштері тергеу жүргізіп жатыр", - деп мәлімдеді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.