Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Белбеумен буындырған": Түркістанда 30 жыл бірге тұрған күйеуін өлтірген әйелге қатысты сот басталды

Түркістанда 30 жыл отасқан күйеуін өлтірген әйелге қатысты сот басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

Қайғылы жағдай 2024 жылдың сәуір айында болған. Үш ай бойы тергелген Лобар Хаджиеваға қатысты алғашқы сот отырысы бүгін өтті. Сотқа сотталушының туыстары мен жәбірленушінің жақындары жиналған. Сот барасында Лобар Хаджиева жасаған қылмысын ішінара мойындайтынын мәлімдеді.

“Мойындаймын. Иә мойындаймын”, – деді сотталушы Лобар Хаджиева.

1994 жылы шаңырақ көтерген ерлі-зайыптының отбасында ұрыс-жанжал болатынын жәбірленушінің жақындары жоққа шығармады. Түсініспеушілік марқұм болған ер адам үйге ішімдік ішіп келгенде шығады дейді жәбірленушінің ағасы. Сөйтіп келіні жағдайды хабарлап отырғанын жеткізді.

Фото: Stan.kz

“Екеуі тату-тәтті тұратын. Бірақ інім спирттік ішімдік ішкен кезде келін хабарласатын еді. Айына бір-екі рет ұрттайтын. Үйіне барып, жатқызып қайтатынмын. Келінге ешқандай кешірім жоқ. Кешірім бермейміз”, – дейді жәбірленуші тараптың өкілі.

Ащы судың соңы тағы бір жанжалға алып келген сыңайлы. Бұл факт айыптау актісінде айтылды.

“Лобар Хаджиева кешке ұлымен шай ішіп отырғанда күйеуі келіп спирттік ішімдікке ақша сұраған. Сөйтіп әйелден соңғы 1500 теңгесін алып кеткен. Бірер сағаттан соң ер адам үйіне мас күйде келіп, жанжал болады. Және әйелінің бетіне “насыбайды” түкіріп жібереді. Ашуға булыққан Лобар Хаджиева күйеуін өлтіруге бел байлайды. Масаң күйде отырғанын пайдаланып, артынан белбеумен буындырған. Дәрменсіз ер адам сол жерде жан тапсырған”, – деді прокурор Тоқтар Аманқұл.

Айта кетейік, 30 жыл отасқан ерлі-зайыптының екі ұл, екі қызы бар. Бәрі де кәмелет жасына толған. Қыздары тұрмыс құрып кетсе, ұлдары оқиға кезінде үйдің басқа бөлмесінде болған екен.

Талқылау