Бекболат Тілеуханның депутаттық өкілеттігі тоқтатылды
Мәжіліс отырысында депутат Бекболат Тілеуханның өкілеттігі тоқтатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан міндеттерін атқарудан өз еркімен босату туралы өтініш берген. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясының мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыным енгізіп отыр", – деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов.
ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Бекболат Тілеуханға бірлескен жұмысы үшін алғысын білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
"Бекболат Тілеухан бірнеше рет Мәжіліс депутаты болып сайланды. Халық үшін қажетті заңдардың қабылдануына ықпал етті. Әсіресе оның елдің әлеуметтік-мәдени дамуына қосқан үлесі зор. Енді экс-депутат Дүниежүзілік этноспорт федерациясының бірінші вице-президенті болып тағайындалады", – деді спикер Нұрлан Нығматулин Мәжіліс отырысында.
Бекболат Қанайұлы 1966 жылы 7 тамызда Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келген.
Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын және аспирантурасын бітірген.
1992-2001 жылдары – Алматы консерваториясының оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі.
1996-1997 жылдары – Республикалық гвардия жанындағы Президент оркестрі фольклорлық ансамблінің жетекшісі.
1997-2001 жылдары – Президент оркестрінің көркемдік жетекшісі.
2001-2002 жылдары – Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы.
2002-2003 жылдары – Қазақстан Республикасы Мәдениет және қоғамдық келісім вице-министрі.
2003-2004 жылдары – Қазақстан Республикасы Мәдениет вице-министрі.
2004-2007 жылдары – "Нұр Отан" партиясы тізімі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
2007-2011 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 4-ші шақырылымдағы депутаты болды. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, 2016-2021 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің алтыншы шақырылымдағы депутаты болды.