Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бекболат Тілеухан жануарларды қорғау заң жобасы туралы: Көкпар мен бәйгенің ендігі тағдыры не болады?

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан жануарларды қорғау туралы заң жобасы талқыланған отырыста ұлттық спорт түрлерінің тағдырына алаңдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бекболат Тілеухан

Мәжілістің жалпы отырысында "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. 

Талқылау барысында депутат Бекболат Тілеухан экология министрінен жаңа заң ұлттық спортқа кесірін тигізбей ме деп сұрады.

"Ұлттық спорт жануарларға да, адамға да өте қауіпті. Мен бұл жерде көкпар, бәйге, асау үйретуді айтып отырмын. Заң жобасында "жануарлардың жарақат алуына, мертігуіне, олардың өлуіне әкеп соқтыратын ойын-сауық шараларын ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады" делінген. Енді ұлттық спорттың тағдыры не болады?", - деді мәжілісмен.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев заң жобасының басты мақсаты жануарларды қатігездіктен қорғау екенін атап өтті.


Бас бостандығынан айырып, 3 миллион теңгеге дейін айыппұл төлейді: Жануарларды азаптағандарға қандай жаза қолданылады?


"Өзіңіз айтып өткендей, жануарларға залал келтіретін ойын-сауық шараларын өткізуге тыйым салынған. Мысалы, ит төбелестіру. Ал жануарлардың қатысуымен өтетін ұлттық спорт түрлері жануарға зақым келтіруді көздемейді. Сондықтан заң жобасында жануарлардың ұлттық спорт түрлеріне қатысуына тыйым салу қарастырылмаған", - деп жауап берді Брекешев.

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин бұл норманы екінші оқылымға дейін заң жобасына жазу керек екенін айтты.

Талқылау