Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мені бұлай соттағанын қаламаймын": Баян Алагөзова сотқа берген Дана Орманбаева екінші рет судьяны ауыстыруды талап етті

Бүгін Алматы қаласының мамандандырлған ауданаралық әкімшілік сотының ғимаратында танымал продюсер Баян Алагөзоваға тіл тигізді деп айыпталған Дана Орманбаеваның ісіне қатысты соттың төртінші тыңдалымы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: instagram.com/bayanmaxatkyzy/danapartner

Сот жәбірленуші Баян Алагөзовадан жауап алудан басталды. Айыпталушының адвокаты Таир Назханов жәбірленуші мен оның қорғаушысының  өткен сот отырысына қатыспауының себебін түсіндіруін талап етті. Баян Алагөзованың адвокаты Олег Чернов екінші сот отырысының кенет аяқталуына байланысты келесі сот отырысының уақытын өзімен келіспестен белгіленгенін алға тартты. Айтуынша, сол сәтте ол басқа сот отырысына қатысқан. 

Сот отырысына Дана Орманбаеваның күйеуі, белгілі шоумен Дәуіт Шайхисламов та қатысты.

Таир Назханов жәбірленушіге “Сіз шағым түсірген желідегі жазбаларда аты-жөніңіз аталды ма? “М*****а” деген сөзді ашық қолдануға болмайтын былапыт сөз деп санайсыз ба?” деген сынды сұрақтар қойды. 

“Бір жазбада желі қолданушысы Данаға сұрақ қою арқылы менің атымды жазған. “М*****а” мен үшін бұл қорлау сөз”, – деп жауап берді Баян Алагөзова.

Сондай-ақ Дана Орманбаева да талапкерге бірқатар сұрақ қойды. Судья сауалдардың басым бөлігін іске қатысы жоқ деп тауып, сұрақтарды алып тастады. 2 сағатқа созылған сот отырысы айыпталушының судьяны ауыстыру туралы талабымен аяқталды. 

Дана Орманбаева сот отырысының әділетсіз өтіп жатқанын айтты.

“Мені бұлай соттағанын қаламаймын. Қорғаушы Таир Назханов пен Абзал Қасымжановпен кеңеспестен, істі басқа судьяның қарауын талап етемін”, – деді айыпталушы. 

Айта кетейік, белгілі продюсер Баян Алагөзова Дана Орманбаеваны әлеуметтік желіде тіл тигізіп, абыройы мен қадiр-қасиетiн қорлады деп айыптап, сотқа берді. Істің екінші тыңдалымында айыпталушы Дана Орманбаева аталмыш себеппен судьяны ауыстыруды талап еткен еді. 

Бұған дейін Дана Орманбаева желіде орыс ұлтының өкілін “сасық” деп жәбірлеп, үстінен іс қозғалған еді.

Талқылау