Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстанда "AUYL INVEST FEST. Қой шаруашылығы 2.0" халықаралық фестивалі өтті

Батыс Қазақстан облысы аграрлық сектор мамандарының бас қосатын орталығына айналды. Мұнда Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен "Ауыл" партиясының ұйымдастыруымен ауқымды Екінші халықаралық "AUYL INVEST FEST. Қой шаруашылығы 2.0" фестивалі өтті.

Іс-шара өтетін орын кездейсоқ таңдалған жоқ. Жайық өңірі тарихи тұрғыдан әйгілі "Еділбай" қой тұқымының отаны саналады.

Фестиваль дәстүр мен озық технологияларды ұштастырып, АҚШ, Қытай, Венгрия, Моңғолия және Татарстаннан келген саланың жетекші сарапшыларын бір алаңға жинады.

Фестиваль аясындағы басты шара Орал қаласындағы Достық үйінде өткен "AUYL INVEST FEST. Қой шаруашылығы 2.0" халықаралық форумы болды. Форум барысында агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, шикізаттық модельден цифрлық экожүйелерге көшу және өнімді өңдеу мәселелері талқыланды.

Өңір мүддесі мен жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ерекше атап өтті.

"Батыс Қазақстан облысы өзінің мал шаруашылығы тарихымен мақтанады. Өңірде асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытудың әлеуеті өте зор. Біз заманауи ғылыми тәсілдерді енгізуді және тұқымдық түрлендіру жұмыстарын белсенді түрде қолдаймыз. Біздің мақсатымыз – БҚО фермерлерінің өндіріс көлемін сенімді түрде ұлғайтып, жаңа экспорттық нарықтарға шығуына барлық жағдай жасау", – деді облыс әкімі.

Парламент мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, "Ауыл" партиясының төрағасы Серік Егізбаев қой шаруашылығын дамыту мен агроөнеркәсіпке инвестиция тартудың маңызын атап өтті.

"Қой шаруашылығы Қазақстан үшін жай ғана экономиканың бір саласы емес, бұл — біздің тарихи мұрамыз әрі азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Бүгінде алдымызда саланы тек шикізаттық бағыттан жоғары технологиялық және цифрлық деңгейге көтеру міндеті тұр. Бұл фестиваль инвестиция тарту мен отандық агроөнеркәсіп кешенін халықаралық аренада ілгерілетудің тиімді алаңына айналды", — деді фестиваль қатысушыларына арнаған құттықтау сөзінде Серік Егізбаев.

Фестиваль қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосқан ауқымды мәдени-көпшілік шараға айналды. Іс-шара аясында қой шаруашылығы саласындағы жетістіктер таныстырылып, асыл тұқымды мал көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ұлттық тағамдарды дәріптеген аспаздық сайыстар өтіп, шебер аспаздар қой және қозы етінен дайындалған ерекше мәзірлерін ұсынды.

Мерекеде сән мен қолөнер бағыты да назардан тыс қалмады. Қой жүні мен табиғи теріден тігілген киімдердің сән көрсетілімі өтіп, ұлттық нақыштағы заманауи үлгілер көпшілік назарына ұсынылды.

Фестиваль бағдарламасы ұлттық құндылықтарды насихаттауға да ерекше мән берді. Қонақтар қазақы тазы мен төбет иттерінің көрмесін тамашалап, садақ ату, асық ату, тоғызқұмалақ, қошқар көтеру секілді этноспорттық ойындарға қатысты. Сондай-ақ іс-шара аясында студенттік жастар жасақтарын салтанатты шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды.

Фестиваль қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

"AUYL INVEST FEST. ҚОЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ 2.0" Қазақстандағы қой шаруашылығының дамуына тың серпін беріп, халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Айым Атамбаева
Сенбі, 23 Мамыр, 2026 17:54