Батыс Қазақстанда күйеуімен мүлікті бөліскісі келмеген әйел оны өлтіретін адам жалдаған
Полиция жедел іс-шаралар барысында Батыс Қазақстан облысында полиция тапсырыспен кісі өлтірмек болған адамның жолын кесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Кадрдан скриншот
Өңірдің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері шұғыл әрекет етіп, қайғылы жағдайға жол бермеді.
Қылмысты ұйымдастырды деген күдікпен облыстың екі тұрғыны ұсталды. Ал тапсырыс беруші күйеуімен мүлікті бөліскісі келмеген әйел екен.
Күдіктілерден олардың кінәсін растайтын заттай дәлелдер тәркіленді. Тергеу мәліметтері бойынша, қару сатып алып, кісі өлтіру үшін тапсырыс беруші ұйымдастырушыға 1,3 млн теңге берген.
Күдіктілер ұсталды, сот санкциясымен олар қамауға алынды. Қылмыстық іс кісі өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеліп жатыр.
Күдіктілер 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазір жәбірленушінің өміріне ешқандай қауіп жоқ. Тергеу мүддесіне сай өзге мәліметтер жария етілмейді.
Бұған дейін әйелін өлтіріп, денесін суға лақтырып жіберіп, 15 жыл бойы іздеуде жүрген қазақстандық ұсталғанын хабарлаған едік.