Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бельгия, БАӘ, Франция мен Малайзияда менің сөмкелеріме сұраныс бар": Қазақстандық кәсіпкер мемлекеттің қолдауымен қалай бизнес ашқанын айтып берді

Елордалық Балжан Тәңірберген – отандық брендті дамытып отырған кәсіпкерлердің бірі. "Бастау бизнес" бағдарламасының көмегімен грант жеңіп, кәсібін ашқан ол ендігі кезекте қазақстандық өнімді әлемге шығаруды жоспарлағанын айтады. Кәсіпкер әйел Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында мемлекеттік бағдарламаның көмегімен қалай өз ісін ашқанын айтып берді. 

Балжан

Балжан Тәңірберген негізгі мамандығы дәрігер-эпидемиолог екенін айтады. Алайда бұл салада ол тек бір жыл ғана еңбек еткен. 

"5 жыл білім алған соң, санитарлық-эпидемиологиялық бақылауда жұмыс істедім. Кейін декреттік демалысқа шықтым. Өзім де әкімшілік салада жұмыс істегендіктен, "Бастау бизнес" туралы еститінмін. Бірақ мен үшін қол жетпейтін арман болып көрінді. Таныстарым бұл бағдардама бойынша білім алу тегін деп айтты. Кейіннен жоба жабылады дегенді естіп, уақыт жоғалтпай, бағымды сынап көруге бел будым”, – дейді ол.

Айы оңынан туып, Балжан Тәңірберген аталмыш бағдарлама бойынша грант жеңіп алады. 

“Мен үшін несие алу үлкен мәселе болатын. Сондықтан мұндай мемлекеттік қолдау мен үшін таптырмас көмек болды. Бөлінген қаржыға ең керек деген материалдарымды сатып алып, өз шеберханамды аштым. Сол кездегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қазір "ридикюль" мен "саквояж" сынды сөмкелерді заманауи етіп, сәнге енгіздім. Өзім жаңа технологияларды қостым. Сөмкелермен қатар көзілдірікке арналған қап пен әмиян да дайындаймын. Бұл кәсіппен айналысып келе жатқаныма 2 жылдан асты. Карантин кезінде бастаған едім", – деп қосты кәсіпкер әйел. 

Нұр-Сұлтан тұрғыны бизнестен хабары жоқ адам үшін ең алғаш жоспар құрудың қиын екенін жасырмады. Бұл тұрғыда ол бағдарлама кураторлары көп көмек тигізгенін сөз етті.  

“Бизнес әлеміне алғаш қадам жасаймын деген адамға "Бастау бизнес" – керемет мүмкіндік. Дегемен бұл мүмкіндікті пайдалана білу қажет. Грант иелену үшін бастысы дұрыс жоспар құра білу қажет. Осы орайда бізге "Бастау бизнестегі" кураторларымыз көмектесті. Әр сұраққа жауап беріп, қажетті ақпаратпен қамтамасыз етті. Әзірге бизнесті өзім жалғыз жүргіземін. Сызбасын дайындау, тігу, барлығын өзім жасаймын. Алдағы уақытта ассортиментті кеңейту жоспарда бар. Сол кезде жаныма көмекші аламын", –  дейді ол. 

Балжан

Қазіргі таңда қазақстандық кәсіпкердің өнімдеріне шетелдіктер де қызығуда екен. Алдағы уақытта ол отандық брендті халықаралық нарыққа шығармақ. 

“Осындай шағын кәсібімнің арқасында көп нәрсеге қолым жетті. Қолөнер саласында көп адамдармен таныстым. Қазір Бельгияда, Біріккен Араб Әмірлігінде, Францияда, Малайзияда менің сөмкелеріме сұраныс бар. Арнайы Мәскеуден келіп алып кетеді. Жәрмеңкелерде үнемі іздейді. Алдағы уақытта сөмкелерімді шетелге экспорттауды жоспарлап отырмыз. Әрине, барлығы болашақтың еншісінде", – деп түйіндеді кәсіпкер. 

Айта кетсек, "Бастау бизнес" жобасы азаматтарға жеке ісін бастауда көмек көрсетіп, жоспарды іске асыруда 12 айға дейін қолдау білдіреді. Білім алған азаматтар 3 жылға жарамды арнайы сертификатпен марапатталады. Оқудың жалпы ұзақтығы 25 күнтізбелік күннен аспайды. Үміткердің өтінімі 10 күн ішінде қаралады. 

Ал грантқа жұмыссыздармен қатар жеке кәсіпкерлер де үміткер бола алады. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықпен шұғылданған тұлғалар да грантқа үміткер атанады. Грант мөлшері 400 АЕК-ке тең. 

“Бастау бизнес” ұсынған грант үміткері атану үшін төменгі санаттардан болуы міндетті:

  • Жастар (29 жасқа дейін);
  • аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • көпбалалы отбасылар - көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар;
  • қандастар, қоныс аударғандар;
  • мүгедектігі бар адамдар;
  • мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үшін.

Грант қаражатын тек “Бастау Бизнес” аясында әзірленген бизнес жоспарды іске асыруда ғана қолдануға болады. Сонымен қатар үміткердің жұмыспен қамту бойынша өзге қолдау шараларына қатыспау керегін ескерген жөн. 

Оқуды аяқтаған соң барлық азаматтар “Атамекен” микроқаржы ұйымдарынан жеңілдетілген несие (6%) алу құқығына ие болады. 5 жылдың ішінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған жоба арқылы 184 902 адам білім алған. Олардың 122 247-сі жұмыссыздар болса, 56 957-сі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, өзге 5 698-сі кәсіпкерлер екен. 

2022 жылы барлығы 15 899 жоба іске қосылған. Жобасын жүзеге асырғандардың ішінде 12 057-сі грант алса, 3 842 адам микроқаржы ұйымдары көмегімен кәсіп ашқан. Жобалардың 59%-ы ауыл шаруашылығына, 41%-ы білім беру, сауда-саттық және қызмет көрсету саласына қатысты. 

Жоба аясында 70 мың жұмыс орны пайда болып, 1,6 млрд теңге көлемінде салық төленген. 

2022 жылы "Бастау бизнес" жобасы онлайн форматта өтеді. Жобаға өтініш қабылдау 1 сәуірде басталады деп жоспарланып отыр және 10 күнге жалғасады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң аудандық және қалалық комиссия қарауына өтеді. Бұдан кейін үміткер өз жобасын комиссия алдында қорғайды. Өтінішті Business.Enbek порталы арқылы бере аласыз. 

Талқылау