Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басы жарылып, қабырғасы сынған": Алматы облысында соққыдан қаза тапқан азаматтың туыстары кінәлілердің жазалануын талап етуде

Алматы облысында оқ тиіп, кейін пышақ жарақатын алып, қаза тапқан 33 жастағы азамат Сүйінбай Атаниязовтың туыстары кінәлілерді жазалауды талап етуде. Жұбайы оны бір емес, бірнеше адамның өлтіргеніне сенімді екенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Жақындарының мәліметінше қансырап жатқан оны досы тауып алған. Досы сол күні әлдебіреулердің шақыртуымен сол аймақтан өтіп бара жатқан. Алайда 10 минуттай атылған оқ дауысынан қашып келе жатып, жолдан қансырап жатқан Сүйінбайды көріп, көлігіне салып, бірден ауруханаға апарған. Ол шілде айының 17-нен 18-не қараған түні қаза тапқан.

“Денесінде, ішкі құрылысында бір сау жері қалмаған. Жамбасы, бас сүйегі, қабырғалары сынған. Тіптен демала алмайтындай жағдайға жеткізген. 

28 күні Ерболат, Дамир тағы да екі жігіт қосылып төртеу болып күйеуіме жабылып, басын жарғанын өз көзіммен көрдім. Олар пышақтап, сол жерде өлтіргілері келген кезде біз оны құтқарып қалғанбыз. Бұл жолы да оған күш көрсеткендер жалғыз болуы мүмкін емес”, – деді жұбайы Сәуе Жолдыбаева. 



Артында үш баласы қалған Сүйінбайдың жұбайы бұл қылмысты бір емес, бірнеше адамның жасағанына сенімді. Туыстары да жаттықтырушы болып жұмыс істеген денелі азаматты бұндай күйде өлтіру жалғыз адамның қолынан келмейді деген пікірде.

“Денесіне үш жерден пышақ салынған. Қолдарына мойнына оқ тиген. Басы жарылып, қабырғасы сынған”, – деді әпкесі Сәуле Беделбаева.

Еске салсақ, Алматыда болған тағы бір жантүршігерлік оқиға 18 жастағы Дінмұхаммед Жеңісовтың өлімі еді. Оны мас күйінде көлік айдаған полиция қызметкері жол жиегінен қағып кеткен. Бозбаланың анасы мен туыстары қазір бостандықта жүрген полицейдің жазалануын талап етуде.

Талқылау