Қазақстанда құмар ойын ойнаған мемлекеттік қызметкерлерге айыппұл салына ма – Вице-министр жауап берді
Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев мемлекеттік қызметкерлер мен әскерилер құмар ойын мәселелері бойынша заң бұзса, жазалары жеңіл болмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Мирас Төлебаевтың айтуынша, 27 маусымда сенат мақұлдаған заңға шенеуніктер мен азаматтардың басқа санаттары үшін құмар ойындарға тыйым салу туралы норма енгізілген.
Вице-министр тәртіп бұзушылар қалай жазаланады деген сұраққа "жеңіл санкция болмайды" деп жауап берді.
“Егер мемлекеттік және әскери қызметкер құмар ойынға қатысы болса немесе букмекерлік кеңсеге бәс тіксе, онда бұл жағдайда ол теріс себептермен атқаратын лауазымынан босатылады. Айыппұл санкциялары қарастырылмаған, мемлекеттік қызметкерге қатысты мұндай санкция жоқ”, – деді Мирас Төлебаев.
Еске салайық, бұған дейін құмар ойындар, лотерея және лотерея қызметі туралы заңда азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға тыйым салу енгізілгенін жазған едік. Мәселен, борышкерлер тізімінде тұрған қазақстандықтар бұдан былай құмар ойындар ойнай алмайды. Мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары бәс тіге алмайды. Ресми деректер бойынша 280 мыңға жуық адам бар.