"Бас сүйегінің жартысын алып тастаған": Семейде шырша безендіру кезінде құлаған мұғалімнің әйелі биліктен өтемақы талап етті
Семейде шырша безендіремін деп биіктен құлап, жараланған мұғалімнің әйелі биліктен өтемақы талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скрин
Мұғалімнің жары Сымбат Аянқызының айтуынша, науқас әлі жарты жыл ем қабылдауы қажет.
23 жастағы мұғалім Қуат Айтқали өздігінен жүріп-тұра алмайды. Сондықтан оны күтіп, қарау үшін де бір адам қасында отыруы қажет дейді жұбайы. Өйткені дәрігерлер оның миына құйылған қанды тоқтатып, сынған бас сүйегінің жартысын алып тастаған. Енді екі айдан кейін оның орнына пластмасса салу үшін қайта ота жасалады.
-
Семейде шырша әрлеймін деп биіктен құлаған мұғалім қызметіне орала ала ма – Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді
Жәбірленушінің әйелі ұстаздарға шаһар басшысының орынбасары мен білім бөлімінің басшылары шыршаның басына шығуға бұйрық бергенін айтады. Семейдегі бас шыршаны безендіруге барлығы он мектептің мұғалімдері жұмылдырылған екен. Мұағілмінің әйелі қағаз жүзінде болмаса да, бұйрық ауызша берілгені анық деп отыр. Енді тергеу аяқталған соң адвокат жалдап, өтемақы талап ету үшін сотқа жүгінбек.
“Біз барлығын заң жүзінде істеп жатырмыз. Қазір 362-баптың төртінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр. Барлығынан сұрақ алынып жатыр. Енді алдағы уақытта сот әділ өтеді деген шешімдеміз. Тергеу қалай бітеді, кімді кінәлі қылады, біз соларға арыз жазып, бәрін сотпен шешеміз”, – дейді Сымбат Аянқызы.
Еске салайық, 21 желтоқсанда Семейде шыршаны әрлеу кезінде мұғалім Қуат Айтқали биіктен құлап, ауыр жарақат алған еді. Оқиғадан кейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жағдайға байланысты пікір білдіріп, ұстаздарды міндетіне кірмейтін қызметке жұмсауға болмайтынын ескертті. 8 қаңтар күні оқу-ағарту министрі мұғалімнің ауруханадан шығарылғанын мәлімдеді.