Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бас мүфти ораза алдында кәсіпкерлерге үндеу жасады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы рамазан айына орай қазақстандық кәсіпкерлер мен саудагерлерге үндеу жасады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Кәсіпкер азаматтарды, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға үндеймін. Жақсы амалдарыңыз өздеріңізге еселеп жақсылық болып қайтатынына күмән жоқ. Мұндайда халқымыз: "Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің" демей ме?! Осы сәтті пайдаланып, барша қауымға қасиетті Рамазан айында арақ-шарап ішілмесе және дүкендерде сатылмаса, мүмкіндігінше құдайы астар кешкі ауызашар уақытында өткізілсе деген тілегімді жеткіземін. Алла Тағала Рамазанның құрметі үшін жасаған жақсы ісіміздің себебімен баршамызды жақсылыққа кенелткей", – деді бас мүфти Астанада өткен баспасөз мәслихатында. 

Еске салайық, 23 наурызда барша мұсылман қауымы үшін қасиетті ай  – Рамазан басталады. Биылғы пітір садақа мөлшері 535 теңге болып белгіленді.

Талқылау