Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Барлығы мінсіз болмады": Ғаділбек Жанайдың әйелі отбасы туралы сыр шертті

Танымал әнші Ғаділбек Жанайдың әйелі тұңғыш рет эфирге шығып сұхбат берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “1001 түн” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/akmarzhan_zhanay/

Эстрада жұлдызының жары жақында төртінші сәбиін дүниеге әкелді. 

“Басқа отбасы секілді бізде де келіспеу болып тұрады. Оны жасырмай-ақ қояйын. Бірақ балалардың көзінше дауыс көтеріп, ұрыспаймыз. Олардан бөлек отырғанда ғана мәселені талқылаймыз. Көбіне мені сабырға шақыратын – жолдасым. Маған құрметі ерекше. Кейінгі екі жылда отбасымызда көп өзгеріс болды. Бұрын елге танымал әнші болғасын өзінің ғана дамуына мән беретін еді. Қазір бірге дамуды қолға алдық. Түрлі кітап оқып, бірге талдаймыз. Балалар балабақшаға баратын жасқа жетті. Күндіз уақытымыз көп. Сол кезде бірге тақырып талдап отырамыз. Тіпті тамақтануға барғанда өзімізбен бірге 2-3 кітап алып жүреміз. Оқып болғасын өз пікірімізді айтамыз”, – дейді Ақмаржан Жанай. 


Сонымен қатар әнші жарына осы күнге дейін баланы жалғыз өзі жауапкершілікпен қарағанына рақмет айтты. Тіпті концерттен босамай, перзентханадан шығарып алуына да бармаған көрінеді. 

"Өнер адамы болғасын отбасыма көп көңіл бөле алмағанымды мойындаймын. Халық алдында жүргесін солардың көңілін таппақ болып, үйім мен отбасымды ұмытып кеткен кездерім болған. Төртінші баламды ғана перзентханадан өзім шығарып алдым. Оған дейін достарым баратын. Менің жоғымды білдірмей бәрінің көңілін тауып жүретін. Одан кейін келіншегім Ақтау қаласында тұрды. “Ер адамның азығы – түзде” деп өзімді ақтап алуға тырыстым. Бірақ бақыттың өзегі – отбасы екен. Бүкіл дүние үйден басталатынын ұмытыппын. Қазір 4-5 жылдан бері отбасымның жанындамын. Бірінші орынға соларды қоямын. Алайда концерттер мен шақыртулардан қол үзбедім. Өнерім әрі қарай жалғаса бермек”, – деп жан сырын ақтарды әнші. 

 

 

Талқылау