Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бәрінде несие бар”: Қостанайда саудагерлер жолда орналасқан базарды бұзуға қарсы шықты

Қостанайда жүздеген саудагер жолды кеңейту үшін базарды бұзатынына қарсы шықты. Саудагерлер несиелері бар екенін айтып, табыстарынан қағылатынына шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото сюжет кадрларынан 

Ирина Кудряшова "Салтанат" базарында 10 жылдан астам жұмыс істеген. Жылы павильон сатып алып, жерді арзанырақ жалға алуға мүмкіндік алған. Айтуынша, мұнда адамдар облыстың барлық ауылынан сауда жасауға келеді. Ал базардың бұзылатынын ол бұқаралық ақпарат құралдарынан естіген.  

“15-20 адам емеспіз, 320 адамбыз. Енді көшеде қалмақпыз. Көмек сұрап, барлық жерге барып жатырмыз. Біздің баратын жеріміз жоқ”, – деді Ирина Кудряшова.

Өзге саудагерлер де келесі жылға дейін сауда жасауға мүмкіндік беруді сұрап отыр.

“Әкім біздің сұрағымызды қарап, оны 2026 жылдың соңына дейін қалдырса екен дейміз. Бұл – біздің жанайқайымыз. Бәрінің несиесі, қарызы бар”, – деді сауда нүктесінің иесі Светлана Бархатова. 

Қостанай қаласының орталығындағы базардың сыртқы келбетін жергілікті билік биылдан бастап қолға алған. Бұрын тротуарда орналасқан павильондар бөлшектелген. Енді билік жолды босатпақ.



Осы тұста қала тұрғындарының да пікірлері екіге бөлінді.

“Бәрінің Март пен Плазаға барып сауда жасауға мүмкіндігі жоқ. Ал мұнда келіп, орталықтан алуға ыңғайлы”, “Көліктер жүре алмайды. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қиын. Бәріне ыңғайлы болғаны жөн”, – деді жұрт.

“Саудагерлерге әкімдікке келудің қажеті жоқ. Тек келесі наурыз айына дейін жұмыс істей алады. Келесі жылы тротуар мен жол болады”, – деді деді Қостанай әкімі Марат Жүндібаев.

Кәсіпкерлерге оның орнына автовокзалдағы базар ұсынылған. Алайда олар қаланың шетіне ешкім бармайды деп отыр.

Талқылау